Экономикасы құлдырап жатқан мемлекеттерден инвесторлар кетсе, дамуға бет алған елдерге келуі – заңдылық. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған биылғы Жолдауында көтерілген инвестициялық саясатын қолдауымыз қажет.
АҚШ, Еуропада қор, қаржы, жылжымайтын мүлік нарығында жұмыс істейтін әлемге әйгілі инвесторлар бар. Ал Қытайда тауар өндірісі мен зерттеу жұмыстарына тартылғандары көп. Импортқа тәуелділіктен арылу үшін тауар өндірісі мен шикізат өңдеу саласына қомақты инвестиция тарту экономикалық өсімге жеткізеді. Себебі ұсақ-түйекке дейін шығаратын мемлекеттердің заттарына сұраныс толастамайды. Біздің жеріміздің асты-үстіндегі байлықты шикізат күйінде шетел асыра бермей, терең өңдеуге толық көшетін уақыт шынымен де жетті. Президент Үкіметке өңдеу саласына көбірек қаражат тартуды, инвестиция саясатын жаңа сатыға көтеруді, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруді, мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аударуды, бөле жармай ірі инвесторлармен қатар орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеуді, қаражат бағыты мен мақсатын, көлемін нақтылауды, өндірістің сұранысына сай инвестицияға тапсырыс жасауды, инвестиция тарту жүйесін жаңғырту жөніндегі іс-шаралар жоспарын он күн ішінде түзуді тапсырды.
Инвестиция тарту мен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды жүйелі жоспарлау керек. Сонда жүйелі дамуға қол жеткіземіз. Мысалы, бір облыста тек басымдық берілген бағытта зауыт аша бермей, әртүрлі өнім өндіретін кәсіпорындар салу керек.
Бізде бір іске демеуші тарту бар да, баянды байланыс орнату жоқ. Ал дамыған елдерде мейлінше инвесторларға жайлы жағдай жасалып, мызғымас достық орнатылады. Себебі олар салған зауыт, фабрикаларда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып, бюджетке салық түседі. Президент еліміздегі инвесторлармен қарым-қатынасты бытыраңқы деп бағалап, қағазбастылықтың көптігін, түрлі органдардың құзыреттерінің қайталанатынын атап өтті. Сол сияқты инвесторларға салық жеңілдіктерін қарастырып, ел экономикасы үшін маңызы зор, пайдасы бар жобаларға басымдық беруді, инвестициялық келісім жасау тәсілінің тиімділігін арттыруды ұсынды.
Бас прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетінің атауы Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет деп өзгертіледі. Қазынаға 850 млрд теңгеге жуық қаржы қайтарылып, ол ақша 10 мектеп, 4 спорт, 235 денсаулық сақтау нысаны мен 177 су инфрақұрылымының құрылысына және жөндеуге жұмсалған. Бұл бағытта жұмыстар жалғасып, қайтарылған активтер республикалық бюджетке түседі.
Отандық бизнесті қолдау үшін Ұлттық қор қаржысын қосымша инвестиция көзі ретінде қолдануда сақтық пен қырағылық керек. Ақша тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпеуге тиіс. Бұған дейін зейнетақы қорынан агро секторды қолдауға берілген қыруар қаржының талан-тараж болып кеткенін ұмытуға болмайды. Ал Ұлттық қор ақшасы болашағы зор әрі нарықтағы әлеуеті жоғары жобаларға жөнімен жұмсалса, нұр үстіне нұр болар.
Біздің елде бәсекелестік қалыптастыру үшін шетелдік банк филиалдарын тарту тапсырылса да, оның орнына өзіміздегі микроқаржы ұйымдарын екінші деңгейлі банкке айналдыру ісімен айналысып кетті. Президент тағы да сол өзіміздің екінші деңгейлі банктердің қаржысын нақты секторға салу мәселесін көтерді. Себебі банктер азаматтардың депозиттері мен оларға берген несиенің пайызынан бірнеше есе табыс тауып отыр. Сондықтан да олар ел экономикасын өркендетуге үлес қосуға тиіс. Қазір осы қоғамның бір бөлігі ретінде банктер жауапкершілік сезінгісі келмесе, тиісті шаралар енді биылдан қалмай қабылданатын «Банктер туралы» заң шеңберінде шешіледі.
Мемлекет басшысы цифрлық теңге тиімділігін арттыру үшін цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін тезірек қалыптастыруды міндеттеді. Қазірдің өзінде көптеген жобаны қаржыландыруда цифрлық теңге қолданылып келеді.
Сол сияқты киберқылмыстардың алдын алуға мүмкіндік беретін барынша интеллектуалдық жүйе құру үшін тиісті заңға және құқық қорғау органдарының қызметіне өзгерістер енгізілмек.
Әлемде бизнес орталықтарына арналған арнайы қалалар бар. Шетелде артық ақшасы, бағалы бұйымдар мен құнды қағаздарын сақтағысы келетіндер үшін ашылған банктер де жұмыс істеп тұр. Бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасалған жерлерде өз кәсібін дөңгелету үшін инвестиция құятындар да жоқ емес. Геосаяси ахуал аумалы-төкпелі болып тұрған шақта, мемлекетіміз өмір сүруге де, бизнес дамытуға да оңтайлы алаңға айналады. Ірі инвесторлардың қызығушылығы артып келеді. Президент бастамасымен көлік-логистика саласы да реттеліп жатыр. Бұл экономиканың қарқынды өсіміне септігін тигізеді. Алатау қаласы (Alatau City жобасы) еліміздің келбетін танытатын жаңа іскерлік және инновациялық орталығы болмақ. Инвесторлардың келуі жұмыссыздықты жоюға, халықтың табысын арттыруға сеп болады. Мемлекет басшысының Қытайға сапарында әлемнің жетекші компанияларымен миллиардтаған қаржы тұратын келісімдер жасалды.
Президент өз Жолдауында тағы бір өзекті мәселе көтерді. Бұл – өңірлердегі арнайы экономикалық аймақтарға қан жүгіртетін инвестициялық жобаларды іске асыру. Барлық өңірде бар болғанымен көбінің жұмысына көңіл толмайды. Енді Үкімет олардың тиімділігін арттыру үшін терең талдау жасап, түбегейлі шаралар қабылдауға тиіс. Арнайы экономикалық аймақтарды басқаруға жеке немесе шетелдік компанияларды тартуға кеңес берді.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар аймақтардың экономикалық өсімін арттыратын қозғаушы күшіне айналуы қажет. Алайда олардың көбінің коммуналдық мүліктерді басқарумен және аса маңызды емес жобаларды жүзеге асырудан әрі аса алмай жатқаны белгілі болды. Президент олардың аймақ экономикасына айтарлықтай әсер етпейтінін ескеріп, Үкіметке осындай корпорацияларды толыққанды даму институтына айналдыруды тапсырды. Бұл – өте құптарлық қадам. Себебі жергілікті жерде қай бағытта ненің керек, ненің керек емес екенін атқарушы билік біледі. Сондықтан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар даму жобаларының тізбесін жасап, Үкіметке ұсынуға тиіс. Мысалы, Түркістан облысы Отырар ауданы мен Түркістан қаласында ашылған мақта зауыты кешенді әрі ілкімді мега жобаның бірі болды. Соның арқасында 4 мың адам жұмыспен қамтылады. Кәсіпорындарды ауылдарда ашып, тұрғын үйлерді ауылдарда салу керек. Сөйтіп, қалаларда нәпақа тапса да үйсіз-күйсіз жүрген адамдарды өз ауылдарына қайтару қажет. Ауылда жұмыс болса, жастарды жаппай қалаға тартып несі бар?
Түркістан облысында 2,9 трлн теңгені құрайтын 111 инвестициялық жоба жүзеге асырылады деп күтіліп отыр. Бұл жобалар 22,9 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Инвестиция тартуда да өңір оқ бойы озып келеді. Мемлекет басшысы инвестиция тартуға жергілікті биліктің де атсалысып, әкімдердің аймақтағы инвестициялық ахуалға тікелей жауапкершілігін белгілеу керектігін атап өтті. Ал стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне аймақтардың инвестициялық тартымдылық индексін енгізу, бұл жұмысқа тәуелсіз сарапшыларды тарту тапсырылды.
Мемлекет басшысы жоғары инфляцияның халық табысын жұтып қойып жатқанына мән беріп, макроэкономикалық құрсаудан шығуды, экономиканы әртараптандыруға көшуді ұсынды. Әлем елдері шикізатты терең өңдеу тұрмақ, пайдаланылған затты қайта өңдеп, қалдық қалдырмайтын қарекетке кірісіп кеткен. Бізге де терең өңдеу мен қайта өңдеу ісін қолға алу керек. Ғалымдар өндіріске жұмылдырылмай терең өңдеу мүмкін емес. Президент ғылымды экономиканы әртараптандыру үшін өндіріс орындарымен бірлесіп жұмыс істеуді әлдеқашан тапсырған. Соның арқасында кейінгі бес жылда өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосымша құны 17 трлн теңгеге жетіпті. Былтыр 163 жаңа өндіріс іске қосылып, 12,5 мың адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
Мемлекет басшысы отандық кәсіпкерлікті қолдаудағы олқылықтарды да атап өтті. Үкімет те, атқарушы билік те кәсіпкерлерден айырылып қалмауы қажет. Неғұрлым салық төлеуші көп болса, соғұрлым бюджет түсімі көбейеді деген ұғым – кәсіпкерлердің қарасы қалыңдап, жұмысбасты жұрт көбейсе, салық төлеушілер көбейеді деген сөз. Өркендеген бизнес қана елдің экономикасын өрге сүйреп, қазынаны толтырады.
Бірінші кезекте отандық кәсіпкерлікті аяққа нық тұрғызған Қытай саясаты көпке үлгі. Өз азаматтарына өте арзан пайызды несие мен жер беріп байытып, енді біз сияқты дамушы мемлекетке инвестиция салатындай дәрежеге жетті. Қытайдың нашар деген кәсіпкерінің қауқары Қазақстанда 7-8 зауыт салатындай капиталы мен әлеуеті бар. Сол үшін де Мемлекет басшысы отандық кәсіпкерлікті екінші деңгейлі банктер мен Ұлттық қор қаржысы арқылы қолдау көрсетуге мүмкіндік бергелі тұр. Ал шетелдік инвесторларды еліміздің экономикасын инвестициялауға шақырып жатыр.
Президент тау-кен металлургиясын мемлекеттік жаңа индустриялық қалыбының сенімді тірегі ретінде көріп, терең өңделетін өнімдерді шығаруға мол мүмкіндігі бар деп біледі. Сыртқы нарықта сирек кездесетін металдардың және айрықша қажет басқа да материалдардың бағасы артып келеді. Біздің елдің аталған салада әлемдік дәрежеде ойып тұрып орын алуына мүмкіндігі жетеді. Мемлекет басшысы алдағы үш жыл ішінде тау-кен саласында жоғары технологиялық өнім шығаратын кемінде үш кәсіпорынды іске қосуды және көмірсутегі шикізатын терең өңдейтін бірқатар озық жобаны жүзеге асыруды Үкіметке жүктеді. Президент жүктеген міндеттер уақтылы әрі сапалы орындалса, қазіргідей экономикалық дамуға жасалған бетбұрыспен кемел келешекке сөзсіз жетеміз.
Қайрат БАЛАБИЕВ,
Мәжіліс депутаты