Аудандағы бірқатар округтерде мәдениет үйлері талапқа сай болса, бірқатар ауыл тұрғындары мәдениет үйіне зар болып жүр.
Ал, ауыл тұрғындарының бас қосатын «Жангелдин» мәдениет үйінің пайдалануға берілгеніне қырық жылға жуық уақыт болды. 1982 жылы салынған клуб үйі жекешелендіру кезінде сол кездегі ауыл әкімінің араласуымен қолды болмай, кейіннен мәдениет үйіне берілді. Осыдан жеті жыл бұрын күрделі жөндеу жүргізілген ғимарат жақсы күйде, жұмысы талапқа сай жүруде. Жыл аралатып музыкалық аспаптар, ұлттық киімдер берілуде. Мәдениет үйінің жанынан құрылған халық театры ұжымы мен «Асыл әжелер» халықтық ансамблі, екі отбасылық, домбыра, «Жайлау тынысы» вокальды аспаптар ансамбльдері, хор, би, домбыра, «Жас дәурен» әншілер үйірмелері мен мәдени-үгіт бригадасы өз өнерлерімен халықты рухани сусындатып келеді. Мүмкіндігінше алыс қыстақтарда отырған шаруагерлерге де барып, концерттік бағдарламаларын ұсынып, басқа да қызметтер көрсетіп жүргенін білеміз.
Алайда, мәдениет үйінің тар болуы ұжымның жұмысына қолбайлау болып отырған жайы бар. 130 орындық залы, екі бөлмесі ғана бар ғимаратта үйірме, ұжым, ансамбль мүшелері қысылып, қымтырылып дайындық жұмыстарын жүргізеді. Мерекелік шараларда жиналған көрермен залға сыймай қалады. Оның үстіне ауыл кітапханасы да көрермен залына орналастырылған. Тар әрі қаракөлеңке жерде іздеген кітабыңды таба да алмайсың. Сондай-ақ, мекеме болған соң бір көлік те керек-ақ. Көліктің жоқтығы мәдени-үгіт бригадасының алыс қыстақтарда отырған малшы қауымды уақытымен аралауына қолбайлау болып отырғаны жасырын емес.
Сондықтан, мүмкіндігінше біздің ауылымызға да алдағы жылдары жаңа мәдениет үйі салынса нұр үстіне нұр болар еді.
Төлеген БЕРЖАНОВ,
Жангелдин ауылының тұрғыны