Қазіргі таңда Қарабау ауылы тұрғындары үшін негізгі мәселенің бірі мәдениет үйі болып отыр.
1989 жылдың желтоқсан айында қолданысқа беріліп, 1990 жылы жұмысын бастаған «Еспай» мәдениет үйінде тағылымы мен тәрбиесі мол түрлі шаралар өткізілетін. Облыс, республика көлеміне танымал талай дүлдүл әншілер келіп өнерлерін көрсеткен киелі сахнаға айналды. Сонымен қатар, ауылымыздағы мәдениет үйі ауыл жастарының бас қосып шаралар ұйымдастыратын, спортпен айналысатын орны болатын. Алыстан жарқырап көрініп, ауылымыздың сәніне айналған еңселі «Еспай» мәдениет үйінің ғимараты 2005 жылы күрделі және ағымдық жөндеу жүргізілмеуі салдарынан төбесінен су кетіп, есігі құлыпталды. Кейіннен ғимарат «апаттық жағдайда» деп танылып мүлдем жабылып қалды.
Қазір есік-терезелері үңірейіп, ұсқыны кеткен мәдениет үйін жаз мезгілінде ауыл тұрғындарының малдары көлеңкелейтін болды. Ғимараттың есігі жабылғаннан бері мәдениет қызметкерлері округ әкімшілігінің бір бөлмесінде жұмысын жалғастырып, соны қанағат тұтып отырған жайы бар. Мәдениет үйі мен бір бөлменің айырмашылығы жер мен көктей екені белгілі. Жоспарлы немесе жоспардан тыс өтетін шаралар мәдениет үйінің жоқтығынан өз деңгейінде өте алмайды. Қазіргі таңда мәдениет үйінің қызметкерлері бұқаралық шараларды жаз айларында «Жастар» алаңында өткізсе, күн суытқанда Қарабау орта мектебінің дәлізінде өткізуге мәжбүр болып отыр. Бұл әрине, шаралардың өз деңгейінде өтуіне кері әсерін тигізері сөзсіз. Онымен қоса, мәдениет үйінде ақылы қызмет дейтін бар.
Жоғарыдағыдай жағдайда, қызметі ақылы шараларды өткізуге мүлдем мүмкіндік жоқ десе де болады. Сондықтан, мәдениет үйінің жұмысы талапқа сай деу артық айтқандық болар. Ал, ауылға жаңа мәдениет үйі қажет екендігі аудан, облыс басшыларына талай мәрте айтылды. Міне, ауылға мәдениет үйі салынады дегенге де 6-7 жылдың төңірегі болды. Жақсы жаңалықты естиміз, бірақ орындалып жатқан жаңалықтың куәсі бола алмай отырмыз. «Болашақ – жастардың қолында» деп жар салып жатырмыз. Алайда, біз тұрған ауылда жастардың бас қосатын, түрлі шаралар ұйымдастыратын жері жоқ. Сондықтан, ауыл жастары қазіргі кезде ауылдан кете бастады. Студент жастардың өзі каникулдарын ауылдан өткізуге қашатын жағдайға жеттік. Осындай мәселелерді ескере отырып, биылғы жылы қаражат бөлініп мәдениет үйінің құрылысы басталып кетсе, ауыл болып қуанатын жақсы бір бастама болар еді.
Ардақ НҰРМҰХАНОВ,
Қарабау ауылының тұрғыны