Жыл өткен сайын аудан тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарып келеді.
Бұл өзгеруден мұқырлықтар да кенде қалмай, игілігін көруде. Дегенмен Мұқыр ауылының көптен бері шешілмей келе жатқан негізгі мәселесінің бірі – мәдениет үйі. Мұқыр ауылынан 1971 жылы салынған 300 орындық клуб үйіне 1986 жылы «Арай» мәдениет үйі деген ат беріліп, жұмысын жасап жатқан. Тоқырау кезеңінде, яғни 1994 жылы жекеменшікке сатылған мәдениет үйі бұзылып, орны тегістелді. Жастардың, ауыл тұрғындардың бас қосатын жері, мәдени шаралар өткізетін орны болмаған соң 2006 жылы Мұқыр орта мектебінің акт залы ауылдық клубқа беріліп, ұжым мүшелерінің он төрт жылдан бері көлемі 63 шаршы метр болатын осы жерді қанағат тұтып отырған жайы бар.
Айта кетсек, клуб жанына құрылған «Арай» вокалды аспаптар ансамблі бірнеше рет аудан, облыс көлемінде әртүрлі фестивальдер мен байқауларға қатынасып, жүлделі орындарға ие болып жүрсе, 1980 жылдары құрылған Есенғалиевтер отбасылық ансамблі мұрагерлерінің жеткен жетістіктері де айтарлықтай. Би, домбыра үйірмелері тұрақты жұмыс жасаса, «Әжелер» мен «Ардагерлер» ансамблінің жұмыстары жолға қойылып келеді. Белгіленген жұмыс жоспары бойынша атаулы, даталы күндерге ұйымдастырылған шаралар өз дәрежесінде өткізіледі. Алайда, 4856 тұрғыны бар ауылдық округте қажетті талапқа сай мәдени орын болмағандықтан, жұмыс деңгейін көтеріп, сапалы ұйымдастыруға мүмкіндік шектеулі. Әсіресе, залдың тарлығы жастар арасындағы шоу-концерттерді ұйымдастыруда, ауданға келген белгілі өнер иелерін шақырып, ауыл халқының мәдени-рухани қажеттілігін қамтуда қиындық келтіреді.
Сонымен қатар, мәдени-үгіт бригадасының округке қарасты алты елді мекенді аралап, қызмет көрсетуге көліктің жоқтығы да кедергі болып жүр. Көліктің жоқтығынан кейде аудан көлемінде өткізілетін өнер байқауларына қатыса алмай қаламыз. Осыдан үш жыл бұрын, яғни 2017 жылы Мұқыр ауылының орталығынан мәдениет үйі құрылысының қадасы қағылып, жұмысы басталған еді. Бұл жаңалыққа ауыл түрғындары бөріктерін аспанға атып қуанған еді. Бірақ, көп ұзамай қуанышымыз су сепкендей басылып, көңіліміз түсті. Алғашқыда жақсы қарқынмен басталған құрылыс жұмысы мердігер мекеменің жауапсыздығынан жылға жетпей тоқтап қалды. Қазіргі таңда, ауыл тұрғындары құрылыстың қашан бітетінін ойлап, тезірек бітсе екен деп уайымдап жүр.
Асқар ЕСЕНҒАЛИ,
Мұқыр ауылдық клубының директоры