Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Еленген еңбек

Теміржол саласында ерлігімен де, кәсіби жауапкершілігімен де танылған азамат – «Әскерилендірілген теміржол күзеті» ЖШС Атырау филиалының күзетшісі Әділбек Арыстанғалиев Мемлекет басшысының қолынан «Ерлігі үшін» медалін иеленді.

Қарапайым еңбек адамының зор марапатқа лайық деп танылуы – Атырау өңірі үшін де үлкен абырой. Әділбек Мерзажанұлының ерлігі 2021 жылдың қараша айында, күннің ызғарлы суығында орын алды. Сол күні ол әріптестерімен бірге теміржол көпірінің қауіпсіздігін бақылап жүрген еді. Кенет бекеттен шұғыл хабар келіп, бойжеткеннің Жайық өзеніне секіргені мәлім болды. Әділбек бір сәт ойланбастан суға қойып кетіп, қызды ағыстан аман алып шықты. Ол алғашқы медициналық көмекті көрсетіп, жедел жәрдем келгенше қыздың өмірін сақтап қалды. Куә болғандар оның ержүректігі мен батылдығына тәнті болды. Бұл – Әділбектің жалғыз ерлігі емес. Бір жолы ол теміржол бойында есірткі тасымалдаушыларды байқап, оларды қолға түсіріп, құқық қорғау органдарына тапсырған. Әр екі жағдайда да ол өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, кәсіби борышын адал атқарды.

– Теміржол күзетінде қызмет еткеніме төрт жыл болды. Бұған дейін әскери-медициналық салада еңбек еттім. Бұл салада тәртіп қатаң, талап жоғары. Теміржол көпірі – стратегиялық нысан. Сондықтан әрбір қызметкердің қырағылығы маңызды. Біз тұрақты түрде көпірдің қауіпсіздігін, тұтастығын қадағалаймыз және бөгде адамдардың кірмеуін бақылаймыз, – дейді ол.

Әділбек ұжымдағы ауызбіршілік пен әлеуметтік қолдау туралы да айтты. Оның сөзінше, ұжымдық шарттағы барлық жеңілдіктер толық орындалады, қызметкерлердің еңбегі лайықты бағаланады. – Былтырғы су тасқыны кезінде де біз ұйымшылдықтың, кәсіби жауапкершіліктің үлгісін көрсеттік. Бұл – біздің ортақ жетістігіміз, – дейді күзетші. Оның ерлігі ел есінде қалары сөзсіз.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT