Елтайлық Сәния Қабдешова апамыз Амангелді атындағы қой совхозының егін шаруашылығында көп жыл еңбек етті. Жоңышқа өсіру алаңында трактор айдап, өсімдікті суару жұмыстарын қалтқысыз атқарды.
Сол жылдары дұрыс суландыру жүйесі іске қосылып, оған 1978 жылы 4 мамырда Қазақстан КП ОК І хатшысы Д.А.Қонаев келген болатын. Сол жылдарды апамыз:
- Жоңышқа алаңында менен басқа ешкімді қалдырған жоқ. Тракторға жалғанған су жүйесімен жұмысымды атқара бердім. Бір мезгілде топ адам анадай жердегі қабаққа келіп шықты. Айналаны тегіс шолып қарады. Өзгелерден өзгеше тұлғалы Қонаевты бірден таныдым. Кейін басқа жаққа жүріп кетті,- деп еске алады.
Бұл күнде апамыз ауылда қалыпты өмір сүріп жатыр. Дегенмен жолдасы Қадірбек, ер жеткен екі ұлы да мезгілсіз қайтып, тағдыр желі аяулы апамызды біраз шайқады. Соның бәріне сабыр сақтап, қыздарының қамқорын көріп отыр.
Ж.Ісім