Иә, санаулы күндерден кейін Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл толады! Бұл күн- тарихымызда алтын әріппен жазылған батырлық пен ерліктің салтанат құрған күні болмақ! 1428 күн мен түн Герман басқыншыларымен Отан үшін, ел үшін қасық қандары қалғанша жан аямай соғысқан майдангерлеріміздің арқасында осындай бейбіт заманда өмір сүріп келе жатқанымызды кейінгі ұрпақ санамызға сіңіріп өстік.
Екінші дүниежүзілік соғыста бастарына түскен ең ауыр, ең азапты сынға төтеп беріп, қанқұйлы жаумен алысып, жас өмірін құрбан еткен аға-апаларымыздың Отан қорғауда көрсеткен ерліктерін ұрпақтары ешқашан ұмытпақ емес! Осынау сұрапыл соғыс жылдарында еліміздің ержүрек ұл-қыздары сапында қолдарына қару алып, елімізді қорғауға аттанған, Жеңіс күнін жақындатуға өз үлесін қосқан жүздеген ауылдастарымыздың бірі, капитан Дүйсенғали Мерғалиевтың өмір жолы мен жасаған ерліктері хақында ұрпақтарынан естіген әңгімемізді қағаз бетіне түсірдік. Ұрпақтарының айтуынша, 1920 жылы дүниеге келген кейіпкеріміздің жастық шағы Жылыой өңірінде өтті.1939 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылады да, 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатынасып, Польша, Прибалтика, Украина, Шығыс Пруссия елдерін жаудан азат етуге белсене араласты. Танк полкінде командир бола жүріп, бірнеше мәрте жаумен бетпе-бет келді. - Бірде Украина жеріндегі ұрыста өршелене алға ұмтылған жау танкілерінің ортасында қалған әкеміз ротасымен бірге табан тіресіп, еш тайсалмастан жауға соққы береді. "Атыңдар!"деген командирдің айқайын естігенде, өлімнің қандай қорқынышты екенін ойлап жатпаған рота әп-сәтте жаудың біршама танкісін жайпап салды. Қалғандары кейін қашты-ай келіп! Сол бір ел басына күн туған шақта күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмедік. Жойқын жорықта талай боздақ қыршын кетті, қаншама қан төгілді, -деп марқұм Дүйсенғали әкем мұңайып отырып қалатын деседі ұл-қыздары. Жалпы, Дүйсенғали Мерғалиұлы командирдің міндетін аса үлкен жауапкершілікпен орындаумен қатар, қасындағы жауынгерлердің арасында да абыройлы, сыйлы бола білген.
Соның бір айғағындай, қарт жауынгердің отбасындағы мұрағаттан табылған сарғайған хаттар сыр шертеді. Айталық, "Аман-есенсіз бе, жолдас Дүйсенғали Мерғалиев! Сізге хат жолдап отырған Ұлы Отан соғысының 1-ші топ мүгедегі, Т-34 танкі командирі- Василий Семенович Витковский. Сіз менің рота командирім болып едіңіз. Сізбен қан майданда бірге болып, Украина, Прибалтика, Польша, Шығыс Пруссия елдерін азат ету үшін жаудан азат еттік. 1945 жылы соғыс аяқталуға жақын қалған күндерде мен өз танкімнің ішінде ауыр жарақаттанып қалдым. Әскери госпитальда ұзақ емделуіме тура келді. Содан бері арада 47 жыл өтіп кетсе де, өзіңізді ұмытпай, днепровскийлік танкінің 10-шы бөлімшесінің командирі болған Сізді Кеңес Армиясы және Әскери Теңіз Флотының құрылған күнімен құттықтаймын! Сізге зор денсаулық, жанұяңызға бақыт тілеймін! Хат жазысып тұрайық! Жауап күтемін! Сәлеммен: Василий Семенович пен Александра Кузьминична Витковскийлер" деп жазылған хатты оқи отырып, майдан даласында да әртүрлі ұлт өкілдерінің достықтары шынайы болғанын ұғасың. Зұлым жаумен шайқаста көрсеткен батылдық пен ерлігіне орай бірнеше ордендермен, ондаған жауынгерлік және мерекелік медальдармен марапатталған. Мына бір Мақтау қағазында «1944 жылдың 5 қарашасында Советтік Прибалтиканы жаудан азат етуге ең алдыңғы шептегі танк бригадасына тапсырма берілді. Бұл тапсырманы асқан қырағылықпен, өте жылдамдықпен, өжет қайсарлықпен қатар, әскери шеберлікті пайдалана отырып, мейлінше аз шығынмен мүлтіксіз орындағаны үшін Ұлы Отан соғысының 1-ші дәрежелі орденімен марапатталған» деп жазылған. Осындай батылдығымен, біліктілігімен көзге түскен рота командирі 1943 жылы партия қатарына қабылданып, 1945 жылы мамыр айының аяғында жеңіс жаршысы боп аман-есен елге оралды. Келе салысымен бейбіт майданда жемісті еңбек етті. 1946 жылы Қызылқоға аудандық қаржы бөлімінде аға инспектор боп көп уақыт қызмет атқарды.
1950 жылы өмірлік серігі Аққалышпен көңілдері жарасып, отау құрып, ынтымағы жарасқан отбасында бірінің артынан бірі өмірге 4 ұл, 5 қыз келеді. - Кеңес Одағының кезі, партия қызметкері болған соң, қайда бар десе сонда жүре беретін әкемізді сирек көретінбіз. Көбінесе анамыз біздің қасымыздан табылатын. Әкеміз бала тәрбиесіне қатал болғанымен, әркез іссапардан оралған сайын түрлі ойыншықтар мен сан алуан киім-кешекті толтырып әкелгенін көрген сәтте, қуаныштан асыр салып, мәз болатынбыз.1958-1961 жылдары Қызылқоға аудандық партия комитетінде нұсқаушы жұмысын атқарып, 1962 жылдан бастап Сағыздағы 112 Приморье ауылшаруашылық механикаландыру училищесінде (қазіргі Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжі) партия ұйымының хатшысы, директордың саяси оқу-тәрбиесі жөніндегі орынбасары болып еңбек етіп, осы оқу орнынан зейнеткерлікке шықты. Әр жылдардың парағы өз заманына қарай ашылып отырды. КСРО тарап, ел тоқырау заманын да басынан кешірді. Сол бір ауыр күндерде аузы дуалы, еліне сыйлы, жастардың жақсы тәлімгері бола білген әкеміз 1996 жылы 76 жасқа қараған шағында бақилық болды. Ол соғыстағы ерен ерлігі үшін «Жауынгерлік Қызыл Ту», «Отан соғысының» І,ІІ дәрежелі ордендерімен және «Германияны жеңгені үшін» медальмен марапатталған, - деп әкесін сағынышпен еске алған майдангердің үлкен қызы, Сағыз ауылындағы А.Өміров атындағы балалар өнер мектебінің зейнеткер ұстазы, аталмыш өнер мектебінің негізін салушы, марқұм Аманбай Жүндібайұлының өмірлік серігі, екі баланың анасы Күләш апа көзіне жас алды. Сындарлы шақта Отан үшін кеудесін оққа тосқан, өзінің туа біткен жасымас жігерімен, қайтпас қаһармандығымен, берік бірлігімен, жалынды отаншылдығымен тұлғаланған қарт майдангердің артында қалған ұрпағы (дүниеден озған екі ұлынан басқа) бұл күнде өмірден өз орнын тапқан, бір-бір шаңырақ иелері. Сағыз ауылынан бастап Жылыой, Мақат, Құрманғазы аудандарда өрістерін кеңейтіп, ұрпағынан тараған 5 немере, 14 жиен желкілдеп өсіп келеді. Олар өз аталарының жеңіс жолындағы табандылығын, ерлігін әркез мақтаныш етеді.
Айта кететін болсақ, майдангер әкенің киелі қара шаңырағының орнында түтінін түтетіп отырған ұлы Саламат та бүгінде асқаралы алпысқа келіп қалған, ауылдастарының арасында сыйлы, абыройлы азамат. Жолдасы Дина болса өзінің тәрбиелігімен, көрегенділігімен жыл сайын Жеңіс күнінде барлық бауырлардың басын қосып, атасының әруағына құран бағыштауды үрдіске айналдырған және осы отбасындағы қыздарының бірі – Мәншүк ұзақ жылдар бойы ауыл, аудан мәдениетінің өркендеуіне белсене атсалысып, «Шұғыла» мәдениет үйінде абыройлы еңбек етіп келеді, аудан, облыс көлеміне кеңінен танымал талантты әнші. Арада қаншама жыл өтсе де, адамзатты «соғыс» атты аждаһадан аман алып қалған, бүгінгі болашақ үшін өмірлерін сарп еткен ерлерімізді ешқашан ұмытуға хақымыз жоқ! Өйткені, Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ!
Сайран ОРАҚОВА