Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 27 сәуір күні жасаған мәлімдемесінде елімізде төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін созылатынын жеткізді. Әрине бұған түсіністікпен қарауымыз керек. Себебі, тұтас әлемді әбігерге салған бұл дерт әлі де болса еліміздің кей аймағында өз қауіптілігін жоғалтқан жоқ. Яғни, арқаны кеңге салуға ерте. Бұл туралы Президент өз мәлімдемесінде «Әрине, барлық облыстағы жағдай бірдей емес. Кейбір аймақтарда індет шарықтау шегінен өткен сияқты.
Бірақ бірқатар өңірде вирустың таралу қаупі әлі де сейілмей отыр. Біз ондағы нақты санитарлық ахуалға қарай әрекет жасаймыз. Басты міндет – азаматтарымыздың денсаулығын сақтап, өмірін қорғап қалу» деді. Сонымен қатар, мемлекет басшысы қандай қиын кезең болса да еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайтынын жеткізді. Күні бүгінге дейін еліміз бойынша 4 миллион 250 мың адамға қаржылай көмек берілсе, 570 мыңнан астам адамға азық-түлік таратылған. Одан бөлек, сәуір-мамыр айларында 1,6 миллионнан астам адамға коммуналдық төлем үшін көмек көрсетіліп, 1,1 миллионнан көп адамды азық-түлікпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Елбасының бастамасымен құрылған «Біргеміз» қоры арқылы да мұқтаждарға көмек көрсетілуде. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмектің ішінде 42 500 теңге ел арасында көптеген әңгіме туғызғаны белгілі. Тіпті бұл көмек тек бір ай ғана беріліп кейін тоқтап қалуы мүмкін деген де сөз тарады. Ал, Президент өз мәлімдемесінде «Үкімет келесі айда да табысынан айырылған азаматтарға 42 500 теңге көлемінде көмек береді. Қайтадан өтінім жіберудің қажеті жоқ. Төлем бұрын ұсынылған құжат бойынша жүзеге асырылады» деп дауға нүкте қойды.
Елге жанашырлық, көмек қолын созу тек мұнымен шектеліп қалмайды. Төтенше жағдай кезінде бизнесі тоқтап, шығынға батқан кәсіпкерлер де мемлекет қолдауына ие болып отыр. Әсіресе, екінші деңгейлі банктерде берешегі бар ел тұрғындары мен кәсіп иелерінің несиелерін төлеу кейін шегерілген. Бұл жалпы алғанда 360 миллиардтан астам теңгені құрайды. Одан бөлек президент 700 мыңнан астам компания мен жеке кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер жасалғанын жеткізді. Осы жеңілдіктер арқылы бизнес өкілдері 1 триллион теңгені үнемдеген. Бұл расымен де кәсіпкерлік нысандары жабылып, табысынан айырылған жандарға үлкен көмек. Қорыта айтқанда, президент мәлімдемесінен түсінгеніміз елімізде күрделі кезең орнап, төтенше жағдай жарияланып жатса да мемлекет өз азаматтарын ұмыт қалдырмай, өз қамқорлығына алып отыр. Демек, ел халқына алаңдауға ешқандай негіз жоқ деп санаймын.
Айбар АЛТЫБАЕВ,
аудандық мәслихат депутаты