— Осы жылдың 1 қазанына дейін Білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі 2025-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамалық тәсілдер мен Жол картасы қабылдануға тиіс. Олар нормативтік құқықтық базаны, оқу-әдістемелік қамтамасыз етуді, педагогтерді даярлау мен қайта даярлауды, ақпараттық қауіпсіздікті әзірлеу жөніндегі шараларды қамтуы керек, — деді ол Үкімет отырысында.
Сондай-ақ Бектенов өңірлерде заман талабына сай мектептерді салуды, оларды жоғары жылдамдықты интернетпен, цифрлық білім беру ресурстарымен қамтамасыз етуді тапсырды.
— Оқу-ағарту министрлігі, «Самұрық-Қазына» қоры өңір әкімдіктерімен бірлесіп, желтоқсан айына дейін қалған 52 Келешек мектептерінің құрылысын аяқтауы қажет. Өңір әкімдіктерімен бірлесіп, «Ауыл мектебі — сапа алаңы» шағын жинақты мектеп моделін кезең-кезеңмен енгізуді жалғастыру қажет. Оларды жоғары жылдамдықты Интернетпен, цифрлық білім беру ресурстарымен қамтамасыз ету, қашықтан оқытуды ұйымдастыру, сондай-ақ педагогтерді тиісті дағдыларға дайындау жөнінде нақты шаралар көзделуге тиіс. Әкімдіктермен бірлесіп, өңірлерде, соның ішінде жеке инвестицияларды тарта отырып, «Sana» жаңа буын орталығының тұжырымдамасы мен тәсілдерін кең ауқымда қолдану қажет, — деді Үкімет басшысы.