Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрында медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті.
Шараға облыстың денсаулық сақтау саласының ардагерлері, дәрігерлер мен медбикелер, сала мамандары және қонақтар қатысты. Салтанатты жиында Атырау облысының әкімі Серік Жамбылұлы Шәпкенов құттықтау сөз сөйлеп, ақ халатты абзал жандарға алғыс білдірді. Ол медицина саласындағы ерекше еңбегімен көзге түскен мамандарға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медальдары мен төсбелгілерін, сондай-ақ облыс әкімінің Алғыс хаттарын табыстады. Атап айтқанда, «Еңбек ардагері» медалі, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталған дәрігерлер мен сала ардагерлері сахна төрінде құрметке ие болды. Шараның ресми бөлімінен соң медицина қызметкерлеріне арнап, әнші Марсель Алсеитов пен халықаралық конкурстардың лауреаты Айбар Ғаниұлы және ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Нұғманов өз өнерлерін паш етті. Кеш қонақтарына Атырау облысы әкімінің атынан ықылас гүл шоғы табысталды. Салтанатты жиын – медицина қызметкерлерінің қоғамдағы мәртебесін арттыруға, еңбегін лайықты бағалауға бағытталған рухани әрі құрметке толы іс-шара болды.