Жылыой ауданында азаматтық қоғамның жаңа көшбасшыларын қалыптастыру алаңы құрылды.
«Qabilet – ҮЕҰ акселераторы» жобасы «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясының қаржылай қолдауымен сәтті жүзеге асуда. Жобаның бастамашысы – «Қабілет» қоғамдық қоры. Оның басты мақсаты – өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыру және азаматтық бастамаларды дамыту.
Күлсары мен Атырау қалаларынан қатысқан 50 қатысушы үшін заманауи тренингтер ұйымдастырылды. Олар әлеуметтік желілермен (SMM) жұмыс істеу, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану және ұйымды дамытуға арналған онлайн құралдарды меңгерді. Қатысушылар тек жаңа білім алып қана қоймай, өз ұйымдарының даму стратегиясын айқындады.
Қыркүйек айында өткен топтық коучинг-сессия барысында қатысушылар өз миссиясын және ұзақмерзімді мақсаттарын анықтады. Арнайы фандрайзинг бойынша тренинг өткізіліп, қатысушыларға қаржы тарту, донорлармен серіктестік орнату және ұйымдардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету жолдары түсіндірілді.
«Қабілет» қоғамдық қорының жетекшісі Алтынгүл Атабаева жоба туралы былай деді:
«Біз қатысушылардың қалай өсіп, жаңа деңгейге көтеріліп жатқанын көріп отырмыз. Олар идеяларын нақты жобаларға айналдырып, азаматтық қоғамның жаңа буынын қалыптастыруда. “Qabilet” – бұл тек оқу емес, нағыз көшбасшылар мектебі», – деді ол.
Жобаның келесі кезеңі – стади-тур. Бұл сапарда 14 қатысушы еліміздің өзге өңірлеріндегі табысты ҮЕҰ тәжірибесімен танысып, үздік тәжірибелерді Атырау облысында іске асыратын болады.
«Qabilet – ҮЕҰ акселераторы» жобасы өзінің тиімділігін дәлелдеді: оның түлектері өңірдің әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосып, оң өзгерістердің қозғаушы күшіне айналып отыр.


