Кез келген мемлекеттің өзін дербес ел, тәуелсіз мемлекет екендігін айқындайтын төлқұжаты болады.
1995 жылдың 30 тамызында тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш Ата Заңы қабылданды. Қазақстан Республикасының Конституциясында және басқа заңдарында азаматтардың бас бостандығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылған. Егер өзінің өміріне, денсаулығына, қадіріне нұсқан келетін жағдай болса, адам мемлекеттік органдардан қорғаныс іздеуге, заң бойынша көмек сұрауға, президенттің өзіне шағым етуіне құқылы.
Мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар азаматтың құқығына заңсыз қол сұғылуына жол бермеу шараларын қарастыруға міндетті. Адамның ең қарапайым да табиғи құқығы – өмір сүру құқығы болып табылады. Конституция бойынша ешкімнің өз бетінше азаматты өмір сүру құқығынан айыруға, адам өмірін жоюға хақысы жоқ. Бұл тұрғыда, “Ешкімді азаптауға, оған зорлық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық абыройын қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды” деп көрсетілген Қазақстан Республикасы Конституциясында.
Заң адамды басқа біреудің күш көрсетуінен қорғап отырады. Әдетте, мұндай әрекет күш жұмсау немесе күш қолдануды ескерту тәсілімен жүзеге асырылуы мүмкін. Өзінің азаматтық міндетін орындау үстінде, қылмыскерді ұстау немесе оны құқық қорғау органдарына тапсыру үшін күш жұмсаған адам жауапқа тартылмайды. Лауазымды адам – сот, тергеуші өзінің қызмет бабын пайдаланып, адам бостандығына заңсыз қол сұқса, ол өзінің өкілеттігін заңсыз қолданғаны үшін жауапқа тартылады. Айыптаушыдан күш жұмсау арқылы алынған айғақтың заңды күші болмайды. Конституция адамның өнегелі сапасы – оның ары мен абыройын жоғары ұстайды.
Барлық халықтарда да ар мен абырой кісінің жоғары бағалайтын құндылықтарының бірі саналады. Халқымыздың “Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы” деген мақалы да арды аса қастерлеуінің көрінісі болып табылады. Адамгершілікке негізделген қоғамда ар мен намыс заң жүзінде қорғалады. Бізде де сондай, Конституция адамның ары мен абыройына қол сұғуға жол бермейді. Ар мен намысты қастерлеу жағдайы азаматтық және қылмыстық заңдарда да анық айтылған. Егер біреу адамның ары мен абыройына кір келтіретін мағлұмат таратып, ол мағлұматтың растығы дәлелденбесе, онда теріс мағлұмат таратқан адам қылмыстық және материалдық жағынан жауапқа тартылады. Жәбір шеккен адам өзі туралы айтылған мағлұматты жалған деп тапса, онда ол сот арқылы өзінің мәртебесін қалпына келтіріп, кінәлі жақтан өзіне келтірілген зиянды материалдық түрде өндіріп алуға құқылы.
Заң бойынша, біреуді қорлау – қылмыс деп танылады. Тіл тигізу – жалпы адамзаттық ұстаным қағидасынан алып қарағанда, адамның қадірін қорлау болып табылады. Заң жеке адамның арын, ұжданын және абыройын қорғаумен бірге, оның өміріне басқа біреудің озбырлық жасауына да жол бермейді.
Асхат ҚҰЛБАЕВ,
аудандық полиция бөлімі
Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы