Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Айбыны асқақ - Ата Заң

Ата Заң – азаттығымызды айқындайтын, Тәуелсіздігімізді паш ететін, Егеменді ел екенімізді танытатын, дербес мемлекеттігімізді көрсететін қастерлі құжат. Біздің бүкіл тыныс-тіршілігіміз, өмір салтымыз, қоғамның тамыр бүлкілі – барлығы сол Заңнан бастау алады.

Бүгінде тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Консититуция – мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналып отыр. Ендеше, бұл басты құжат алдағы уақытта да Қазақстанның дамыған әрі зайырлы да, демократиялы ел болып қалыптасуы жолында қалтқысыз қызмет ете бермек.

Осы орайда, «Ата заңды қаншалықты ардақтап жүрміз» деген сауал туындайтыны анық. Біз бүгін сол сұраққа жауап ізгенді жөн көрдік.

Ел игілігі жолында

Еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылған күннің бірі – 30 тамыз. Еліміз үшін тәуелсіздік күні қаншалықты құрметті болса, бұл күн де соншалықты ардақты. Осыдан 25 жыл бұрын бүкілхалықтық референдум нәтижесінде Қазақстан халқы өз таңдауын жасап, өз Ата Заңын таңдап алған болатын.

Міне, осы жылдар ішінде Ата Заңымыз елімізге қалтқысыз қызмет етіп келеді. Конституциямызда күнделікті күйбең тіршілікте қолданылатын дүниелерден бастап, мемлекеттің саяси стратегиясына дейін толық қозғалған. Еліміздің өсіп-өркендеуі, әлеуметтік-экономикалық дамуы азаматтық құқық пен адам еркіндігін қамтамасыз ететін заңдар мен заңнамаларға тікелей байланысты. Ата заң мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын, ата-бабаларымыздың ар мен намыстан тұратын бірлік, тыныштық идеясын өз бойына сіңірді. Конституцияның 3-бабының 1-тармағында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - халық делінген.

Бұл конституциялық норма Қазақстанның халықтық мемлекет екендігін көрсетеді. Халықты жоғары биліктің иесі ретінде тану - ел тәуелсіздігінің көрінісі. Ең бастысы, бұл құжат өзінің нормалары мен принциптерінің көмегімен ғана емес, бекітілген идеялары арқылы да қоғам мен мемлекетті өркениетті елдердің қатарына жетелейді. Сондықтан, ел болу жолындағы басты міндеттердің бірі - Конституцияның құрметін арттыру. Конституцияның адам құқықтары мен бостандықтарына арналған нормалары басқа салалық заңнамалардың мазмұнына да әсер етеді. Конституциямызда бекітілгендей, тұлғаға құрметпен қарау, оның жеке құқықтарын таптамау, сот пен заң алдындағы теңдік қағидалары заманымызға сай идеологияға айналды. Адамның табиғи құқықтарын үстем қою мемлекет қызметінің негізгі бағыты десек еш қателеспейміз.

Бүгінгі күні елдегі сот жүйесі Конституцияға сәйкес, әрі қарай дамуға бағытталған шараларды жүзеге асырып келеді. Қазір сот жүйесі қоғамның тұрақты, сенімді құқықтық кепілдігіне айналды деп айтуға толық болады. Сот үш биліктің біреуі болғандықтан Конституцияның 7-бөлігі соттар және сот төрелігіне қатысты, онда Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады және Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады. Өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Республика заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды.

Ендеше, Ата заңымыз ел игілігіне жұмыс жасап, елдігімізді одан әрі айқындайтынына сенеміз.

Рақымжан БАУЫРЖАНҰЛЫ,

аудандық сот кеңсе меңгерушісінің міндетін атқарушы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT