Биыл жұмысшылар жалақысын өсіру Президентіміздің Жолдауына сай іске асып жатыр. Ең төменгі жалақы көлемі өзгермей, 85 мың теңге болып қалады. Бірақ, кей санаттағы азаматтардың айлығы біртіндеп өседі. Мысалы, 2025 жылы ғылым мекемелерінде істейтін жұмысшылардың жалақысы 17 пайызға көтерілетіні мәлім болды.
Бұл ретте Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, тағы 600 мыңға жуық жұмысшының жалақысы біртіндеп 20 пайызға артады. «Жалақыны көтеру есепшілер, экономистер, заңгерлер, мұрағатшылар, кітапханашылар, мұражайтанушылар, орманшылар, техникалық персонал және тағы басқа мамандықтар бойынша жұмыс істейтін 600 мыңға жуық азаматтық қызметшіні қамтиды»,– дейді аталған министрліктің өкілдері. Бұл қарапайым еңбек адамдарына қамқорлық. Мемлекетіміз қазіргідей алмағайып қиын кезеңде де өз азаматтарына қолдау көрсетуде.
Тағы бір жаңалық, көлік салығы өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға жоғарылап отыр. Қазақстан Республикасы салық кодексінің 492-бабына сәйкес, салық сомасы салық ставкасына және айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты. Яғни, 1 қаңтардан бастап АЕК 3 932 теңгеге дейін өсті. Бірақ, 2024 жылға арналған салықты қазақстандық көлік иелері 2025 жылдың 1 сәуіріне дейін 3 692 теңге айлық есептік мөлшерлемемен төлейді. Көлік салығы көліктің қозғалтқыш көлеміне және оның Қазақстанда алғашқы тіркелген жылына байланысты өзгереді. Қозғалтқыш көлемі 3 литрге дейінгі көліктер үшін салық мөлшері 1-ден 9 АЕК-ке дейін құрайды. Бұл 3692 теңгеден 33 228 теңгеге дейінгі сома. Қозғалтқыш көлемі 3 литрден асатын көліктер үшін салық мөлшері күрделірек және шығарылған немесе Қазақстанға әкелінген жылына байланысты сараланады. 2014 жылға дейін Қазақстанға әкелінген көліктер үшін қозғалтқыш көлемі 3-4 литр аралығында болса, салық 15 АЕК (55 380 теңге). Ал, қозғалтқыш көлемі 4 литрден асатын көліктер үшін салық 117 АЕК (431 964 теңге). 2014 жылдан кейін Қазақстанға әкелінген көліктер үшін қозғалтқыш көлеміне байланысты салық мөлшері 35-тен 200 АЕК-ке дейін жетеді. Бұл 129 220 теңгеден 738 400 теңгеге дейінгі аралықты құрайды.
Мобильді аударымдардың барлығы 2025 жылдан бастап барлығы тексерілетін болады. Егер үш немесе одан да көп айдың әрқайсысында жеке шотқа 100 немесе одан да көп адамнан ақша түссе, аударымдар күдікті болып саналады. Тексерулердің мақсаты – жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтау. Бұзушылықтар үшін 15-тен 100 АЕК-ке дейін айыппұлдар, ал, кірістерді жасыру үшін төленбеген салықтар сомасының 200%-ы қарастырылған. Атап айтқанда, бұл үдеріс банктердің «күдікті» мобильді аударымдар алған жеке тұтынушылардың жеке сәйкестендіру нөмірлерін (ЖСН) ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне (ҚР ҚМ МКК) беруінен тұрады. Сонымен қатар, заң нормаларына сәйкес төлемнің әртүрлі тәсілдері қарастырылған – банктік карта, QR-төлем немесе қолма-қол ақша.
Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заң бұзушылық болып табылады және тұтынушылардың құқықтарын бұзады. Бұл үшін кәсіпкерлерге бірінші рет ескерту жасалады, ал, екінші рет қайталаған жағдайда – 40 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) немесе 2025 жылы 157 280 теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Чекті бермеу кәсіпкерге 15-тен 50 АЕК-ке дейін (58 980-ден 196 600 теңгеге дейін) шығын әкеледі. Жеке кәсіпкерге тіркеусіз қызмет үшін 15-тен 100 АЕК-ке дейін (58 980-ден 393 200 теңге) айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік, кірістерді жасырса – төленбеген салықтар сомасының 200% мөлшерінде айыппұл (қайта бұзылған жағдайда-300%) көзделген.
Қанат ҒҰМАРОВ