Алматы облысында елдегі алғашқы цифрлық қала – «Alatau City» құрылысы жүріп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда қаланы іскерлік пен инновацияның орталығына айналдыруды міндеттеді. Қазірдің өзінде қалада 18 ірі жоба қолға алынған. Оның ішінде құны 81 млрд теңге болатын «PepsiCo» зауыты, 43 млрд теңгелік «Eastcomtrans» логистикалық орталығы бар. Бұлар жүздеген жаңа жұмыс орнын ашып, аймақ экономикасына серпін береді.
Болашақтың қаласы қандай болмақ?
Жаңа қаланың алғашқы ірі жобасы – «K-park» мәдени-іскерлік орталығы. Оған Қазақстан корейлерінің қауымдастығы шамамен 20 млн доллар жеке қаржы құйыпты. Парк аумағы 10 гектарды құрайды, жылына 3,5 млн адамға дейін келуші тартуы мүмкін. «Alatau City» тек өнеркәсіп пен логистикаға емес, сонымен қатар цифрлық технологияларға да сүйенеді. Мұнда «Smart City» жүйесі енгізіліп, болашақта криптовалютамен есеп айырысу мүмкіндігі қарастырылады.
Бас жоспарға сәйкес қала төрт ірі ауданға бөлінеді. «Gate District» – Алматыға жақын қаржы мен іскерлік орталық. «Golden District» – білім, денсаулық сақтау және спорт аймағы. Мұнда 50 мың орындық стадион мен этноауыл салынады. «Growing District» – индустриялық-логистикалық орталық. Оның ең басты нысаны – жылына 40 млн жолаушы қабылдайтын жаңа халықаралық әуежай. «Green District» – Қонаев маңындағы демалыс аймағы. Бұл жерде аквапарктер мен отандық үлгідегі «Диснейленд» жоспарланған.
Инфрақұрылым бойынша үш LRT желісі салынып, тәулігіне 200 мың адамды тасымалдауға мүмкіндік туады. 2050 жылға қарай 100-ден астам мектеп ашылады. Құрылыс барысында ресурсты үнемдейтін технологиялар қолданылады.
Жаңа экономиканың орталығына айналады
Мемлекет басшысы Сингапурде урбанистиканың ғажайып тәжірибесін жасаған Вонг Хеанг Файнды «Alatau City» жобасының бас кеңесшісі етіп тағайындады. Ол қаланың он жылдан кейін қандай болатынын алдын ала болжай алады. Айтуынша, қазір жобалау кезеңі жүріп жатыр, бірақ инвестиция тартудың негізгі құралдары назардан тыс қалмаған. Ерте кезеңде инвесторлар үшін кіру құны төмен, ал өсім әлеуеті жоғары. Перспективалы бағыттарда дрон логистикасы, жасанды интеллект, бағдарламалық шешімдер, автономды көлік бар.
«Alatau City» деректерге негізделіп салынады. Қаладағы барлық элемент ғимараттардан бастап, сервистерге дейін бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіріледі. Бір терезе қағидаты арқылы тұрғындар мен компаниялар рұқсат алып, жобаларын жүргізіп, қызметке қосылып, бәрін онлайн басқара алады. Экономикалық үлгінің маңызды бөлігі – экологиялық энергетика. Сонымен қатар қала «Low Altitude Economy», яғни 3 000 метрге дейінгі әуе кеңістігін пайдалану негізіндегі жаңа экономиканың орталығына айналуға тиіс. Бұл – аэротакси, дрондық логистика, телеком-инфрақұрылым. «McKinsey» болжамынша, бұл нарық 2040 жылға қарай 1 трлн доллардан асады», дейді Сингапур сарапшысы.
Бүгінде қолда бар дүниеге инвестор тарту қиын. Ал енді салынып жатқан қаланы инвесторлар шоғырына айналдырамыз деген ой ғажайып секілді көрінетіні анық. Вонг Хеанг Файнның айтуынша, бұл әбден мүмкін. Себебі үдеріс басталып кеткен.
«Арнайы әкімшілік аймақта инвесторлардың капиталы толық қорғалатын нормативтік орта жасалады. Бұл – түсінікті ережелер, ашық салық жүйесі, икемді корпоративтік құралдар. Ең бастысы, тәуелсіз арбитраж болады. Қазақстанда мұндай тәжірибе бұрыннан бар. «Alatau City» жобасын «реттеуші құмсалғыш» моделі десек те болады. Барлық әкімшілік үдеріс цифрлық форматта атқарылады, бұл шығынды азайтып, адами факторды барынша төмендетеді. Қазірдің өзінде қойма инфрақұрылымы, қайта өңдеу, жеңіл машина жасау салаларында жобалар серпін алды. Энергияны басқару, цифрлық логистика, дрондық шешімдермен айналысатын компаниялармен келіссөз жүріп жатыр. Инвесторлар үшін жоба жергілікті ғана емес, халықаралық деңгейде ұсынылып отыр», деп түсіндірді сарапшы.
Жеті жыл уақыт керек
Өңірлік зерттеулер және өмір сапасы орталығының жетекші ғылыми қызметкері Ғабит Матаевтың сөзінше, 2024 жылы жобаға 46 млрд теңге инвестиция тартылды. Алғашқы халықаралық серіктес – «KPMG Korea».
«Alatau City»-ді еліміздегі алғашқы толыққанды цифрлық қалаға айналдыру үшін қомақты ресурстар мен саяси ерік-жігер қажет. Заманауи байланыс, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, көлік, экология, мемлекеттік қызметтерге арналған «ақылды» сервистерді енгізу, білікті кадрларды даярлау өте маңызды. Цифрлық қала – урбанистиканың жаңа кезеңі. Оның ерекшелігі барлық басқару үдерісі заманауи технологиялар арқылы барынша ыңғайлы, жедел әрі ашық жүзеге асуында», дейді.
Бүгінде цифрландыру көптеген салаға еніп үлгерді. Мобильді қосымша арқылы қоғамдық көлікте жолақы төлеу, дәрігерге жазылу, құжат тапсыру немесе мемлекеттік қызмет алу мүмкіндігі үйреншікті іске айналды. Ал жаңа қалада мұндай қызметтер бірыңғай жүйеге біріктіріледі.
«Қалалық қызметтер үлкен деректерді қолдана отырып жұмыс істейді. Бұл көлік қозғалысын реттеуге, экологиялық жағдайды бақылауға, энергия тұтынуды қадағалауға, коммуналдық, әлеуметтік және тұрғын үй инфрақұрылымын оңтайландыруға жол ашады. «Ақылды» сервистерді, бірыңғай қалалық қосымшаны енгізу үшін тағы 2-3 жыл қажет. Толыққанды заманауи цифрлық орталыққа айналуы үшін шамамен 7 жыл уақыт керек», деп отыр Ғ.Матаев
Криптоэкономика кіріп келеді
Блокчейн ұлттық қауымдастығының төрағасы Дәурен Қарашевтың пікірінше, криптоиндустрия мен жасанды интеллект сияқты салаларды алдыңғы қатарға шығару – шетелдік инвестордың назарын аударатын қадам.
«Бүгінде елімізде бұл салаға Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) мен Цифрлық даму министрлігі жауапты. Алайда олардың атқарып отырған ісі әлі де жеткіліксіз. Лицензиясы бар биржалардың үлесі бар болғаны 3%-ға жетеді, ал қалған 97%-ы көлеңкелі кеңістікте, шетелдік платформаларда жүр. Астананың өзінде бір аудан көлемінде толыққанды экожүйе жасай алмаған тұста, тұтас бір криптоқаланы басқаруға қауқар жете ме деген сұрақ туындайды», дейді Д. Қарашев.
«On-chain analysis» дерегіне жүгінсек, былтыр отандық қолданушылардың 40%-ы «Binance» биржасын таңдаған. Бұл компания елімізге салық төлемейді, қаржы мониторингінен өтпейді. Өзге елдерде түрлі шектеуге ұшырағанымен, бізде қатаң тосқауыл қойылған жоқ.
«Криптоиндустрияны реттеу ісі Ұлттық банктің қолына берілгені абзал. Қазіргі жағдайда лицензия беруді АХҚО атқарса, реттеу құқығы Ұлттық банкте. Бұл екіұдай жүйе ілгерілеуге емес, керісінше тежелуге алып келеді. Сондықтан бір орталыққа бағындыру маңызды. Жоба жүзеге асса, инвестиция ағылып, цифрлық инфрақұрылым өркендеп, Қазақстан блокчейн саласында өңірлік көшбасшыға айналуы ықтимал. Іс табысты болуы үшін ең алдымен білікті топ керек. Екінші міндет – ойын ережесі ашық әрі айқын болуы тиіс. Инвестор мен қолданушының сенімі артқан сәтте ғана «Alatau City» шынымен де болашақтың қаласы атанады», деп түсіндірді қауымдастық төрағасы.