Қазіргі таңда ит қауып алғанның әлегі көп. Әсіресе көшедегі бұралқы ит қауып алса, құтырма ауруына ұласып, өмірге қауіп төндіруі мүмкін.
Өткен жылы еліміз бойынша 14 жасқа дейінгі 2 бала мен 1 жасөспірім құтырма ауруынан қайтыс болды. Оларды өз үйінің мысығы, күшігі тырнап алған. Оған бастапқыда мән бермеген, ата-аналары да балаларын дәрігерге апармаған. Уақытылы құтырмаға қарсы екпе салынбағандықтан балалардың жарық дүниемен қоштасуына тура келді.
Өткен жылы аудан бойынша 43 адам антирабиялық көмекке жүгінген. Олардың отызы иттен, екеуі мысықтан жарақат алған болса, 11-і құтырған малмен қарым-қатынаста болған. Антирабиялық көмекке жүгінгендердің барлығына да амбулаторлық жағдайда ем тағайындалып, екпе жүргізілді. Осыған байланысты, өткен жылы облыстық мәслихаттың шешімімен бекітілген «Атырау облысының елді мекендерінде иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою» Қағидасын орындамаған 16 иттің иелеріне аудандық полиция бөлімімен әкімшілік айыппұл салынды.
Ал, биылғы жылдың 4 айында ит пен мысықтан зардап шеккен 12 адам антирабиялық көмекке жүгініп, тиісті емдерін алса, аудандық полиция бөлімі арқылы 6 иттің иесі жауапкершілікке тартылды. Негізінен жыл сайын қаңғыбас иттер мен мысықтарды жою аудандық ветеринария стансасы арқылы ұйымдастырылады. Жалпы ауданда ит пен мысықтан жарақат алып, анитрабиялық көмекке жүгінетіндердің көбі 14 жасқа дейінгі балалар болып отыр. Сондықтан балалардың өміріне қауіп келтірмеу үшін ит, мысық асырайтын әр тұрғын үй жануарларын ұстау ережесін сақтағаны абзал.
Алтынгүл АЙМҰРАТОВА,
аудандық тауарлар мен көрсетілетін
қызметтердің сапасы мен
қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы
Сурет: ашық дереккөзден