Облыстық мәслихаттың шешімімен 2015 жылы «Атырау облысының елді мекендерінде иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою» Қағидасы бекітілген болатын.
Онда иттер мен мысықтарды асырау шарттары, серуендету тәртібі, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою туралы нақты көрсетілген. Мәселен, иелігінде жеке тұрғын үйі бар тұлғалар иттерін ауласында ұстап, кіреберіс дарбазада үйде иттің бар екені туралы ескерту белгісі болуы қажет. Иттерін құжаттандырып (паспорт алып), уақытымен егу жұмыстарын жүргізіп отыру керек.
Ал, қоғамдық орындарда, көшелерде жетектеуші тұлғасыз (иесіз) жүрген иттер мен мысықтар қараусыз, қаңғыбас деп саналады да аулау мен жоюға жатады. Жалпы, аталмыш қағидаларды бұзғаны үшін иттер мен мысықтардың иелері Қазақстан Республикасының 2014 жылғы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 108-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Жыл сайын тұрғындар жиындарында, басқа да халықпен түрлі кездесулерде ит-мысық ұстау ережесі туралы түсіндіріп, аудандық басылымға жазылып жүргенімен аудандағы ит асыраушылардың басым бөлігі бұған немқұрайлылықпен қарайды. Кейбіреулер иттерін құжаттандырғанымен аулада байлап ұстамайды.
Айта кетсек, өткен жылы 600 ит, биылғы жылы 110 ит құжаттандырылды. Ит ұстаудың мәні осы екен деп итаяққа тамақ қалдықтарын құяды да ары қарай бақылаусыз қалдырады. Ал, қараусыз жүрген ит көшеде жүрген басқа да иттерге қосылады да адамдарға шауып, өрісте жүрген қой-ешкі, бұзау-баспақтарды талайды. Үйдегі балалармен ілесіп мектепке барады да басқа иттермен төбелесіп, оқушыларға қауіп төндіреді. Мұндай кездерде иелері өздерінің бағып жүрген иттерін менікі емес деп ақталады. Бұл өз кезегінде ата-аналардың, тұрғындардың реніштерін тудыратыны сөзсіз. Қаңғыбас иттерді ату жұмыстарын жергілікті ветеринар мамандары жүргізеді. Атылған иттерді округ әкімдігінің мамандары жинап, арнайы жерде өртеледі де комиссиямен акт жасақталады. Бұралқы ит-мысықтарды ату жұмыстарына өткен жылы 1 миллион теңге бөлініп, 1180 ит пен 100 мысық атылған еді.
Биыл да осы мөлшерде бөлінген қаржыға ит-мысық ату жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері 515 ит пен 53 мысықтың көзі жойылды. Қазір ит-мысықтар бұрынғыдай аңшы мылтығымен емес, дәріленген ине-оғы (дротик) бар пневматикалық мылтықпен атылады. Аудан бойынша сегіз пневматикалық мылтық алынған. Олардың жетеуі қашықта орналасқан округтерге берілсе, ауданға жақын орналасқан округтер бір мылтықпен кезектесіп жұмыс жасайды. Иттерді атқанда нысана 20-30 метр қашықтықта болуы керек. Одан қашықта болса оқ ит немесе мысыққа тигенімен олардың өлуі екіталай. Сондықтан өрістегі малға шапқан иттерді ату мүмкін болмай тұр. Кейбір тұрғындар ертеңгілік немесе түстен кейін балалармен ілесіп барған иттер мектеп қасында жүреді, сол кезде ату жұмыстары жүргізілсе деген ұсыныстарын айтып жатады. Бірақ балалардың көзінше ит атуға болмайтынын қаперге берсем деймін.
Өйткені, балалар мұндай жағдайдан кейін психологиялық жарақат алып қалуы мүмкін. Сондықтан, ит ұстаушылар жоғарыда көрсетілген қағидатқа сай ит ұстау ережесін сақтаса, көшемізде бұралқы иттер атылып, азаяр еді.
Төлеубай ТАПАЕВ,
аудандық ветеринариялық стансасының маманы
Сурет: ашық дереккөзден