Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ШЫРША АЙНАЛАСЫНДАҒЫ ШАТТЫҚ

Жылдағы дәстүр бойынша Миялы спорт кешенінде аудан әкімінің шыршасы өтіп, оған аудандағы он бес орта, екі бастауыш мектептен 80 бала қатысты.

Олардың барлығы ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған отбасылардың және мүмкіндігі шектеулі балалар. Мерекелік шараның шымылдығы жас ақшақарлардың биімен ашылған соң, құттықтау тілегін білдірген аудан әкімі Қанат Әзмұханов:

– Бүгінгі шыршаға жиналған барлық жас бүлдіршінді баршамыз да асыға күтетін Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің жарқын болашағы, ата-аналарыңның бақыты мен қуанышы да өздерің. Сондықтан да, әрқашан, ата-аналарыңызды қуантыңыздар. Зерделі де зерек, білімді де білікті болыңыздар! Сіздер егеменді еліміздің өсіп келе жатқан бақытты ұрпағысыздар. Бүгінде жасампаз істердің барлығы сіздердің жарқын болашақтарыңыз үшін жасалуда. Келер жылда ұшқыр арман-қиялдарыңыз бен ақ тілек-ниеттеріңіз орындалсын! - деді.

Құттықтау лебізінен кейін аудан басшысы шыршаның шамын жағып барлық балаға 20 мың теңгенің сертификатын табыс етті. Бұдан соң Миялы өнер мектебінің мұғалімдері Айдана Ижапқұлова мен Арманда Айсағалиева «Жаңа жыл туралы» әнін шырқаған соң ортаға аталмыш мектептің домбырашлары шығып, «Алаш аманаты» күйін күмбірлете тартты. Ал, ортаға келген Аяз ата мен Ақшақар балалармен амандасқан соң, оларды құттықтап ізгі тілегін арнады.

Шара барысында Аяз ата кішкене Санталармен бірге би билесе, Ақшақар әннен шашу шашты. Аяз ата мен Ақшақарды көтеріңкі көңіл күймен қарсы алған бүлдіршіндер тақпақтарын айтып, күй тартып, өнерлерін ортаға салды. Оқушылар ескі Қоян жылын шығарып салып, Ұлу жылын қарсы алды. Өнер мектебінің бейнелеу сыныбының оқушылары «Уейнсдей» биін, «Айжан-ай» бишілер тобы «Барби» биін, тігін бөлімінің оқушылары карнавалдық би билесе, вокал сыныбының оқушылары «Жаңа жыл» әнін шырқап, шараға қатысушылармен ойын ойнатылды. Мектеп мұғалімдері да Жаңа жыл туралы ән шырқап, кештің көңілді өтуіне үлестерін қосты. Сөйтіп, әсем әуеннің ырғағында шыршаны айнала билеген оқушылар кешті көңілді өткізіп, Аяз атаның сыйлықтарына ие болды.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT