Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

САЗГЕРЛЕРДІҢ САЗДЫ ӘУЕНІ

Талай дарынның бесігін тербеткен Қызылқоға өңірі – әсем дауыстарымен, сырлы да сазды әндерімен елін-жерін сүйсінткен, мақтан тұтарлық өнерпаз талантты әншілері мен сазгерлерін өмірге әкелген тектілер мекені.

Әйтсе де, сондай көңілге көрікті ой ұялататын әсем әндер қалың жұртшылыққа кеңінен танымал бола бермейді. Бұл насихаттың аздығынан ба деп ойлаймыз. Міне, осы олқылықтың орнын толтыруды ойлаған аудандық мәдениет, туризм, спорт және дене шынықтыру бөлімі мен "Арман" мәдениет үйі ауданның құрылғанына 80 жыл толуына орай «Жүректен шыққан сазды әуен» атты жергілікіті сазгерлердің облыстық ән байқауын өткізуді қолға алды.

Ән мен жырды таланттарымен асқақтатып жүрген өнерпаздар сахна төріне шақырылып, байқаудың әділ шешімін шығаратын қазылар алқасы таныстырылды. Алдымен сөз алған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сәндібек Салықов:

- Ауданның 80 жылдық мерейтойына арналған ауқымды шаралар өз деңгейінде өтіп, әлі де жалғасын табуда. Жергілікті сазгерлердің есімін, шығармашылығын көпшілікке таныстыру, сазгерлердің әндерін өнер ұжымдарының, жеке орындаушылардың репертуарына енгізуге мүмкіндік жасау, жергілікті сазгерлердің туындыларын көпшілік назарына ұсыну мақсатында ұйымдастырылған шараға қош келдіңіздер. Мерекеміз құтты болсын! – деген тілегін айтып, Қазақстан Жазушылар, Журналистер Одағының, Қазақстан Авторлар қоғамының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы», сазгер Қалидолла Ізекеновтің «Жүректен шыққан сазды әуен» атты үнтаспасының тұсаукесер лентасын автормен бірге қиды.

Бұдан соң қатысушылар байқау ережесіне сай бірінші кезеңде жергілікті сазгерлердің бір әнін, екінші кезеңде патриоттық бір әнді орындап шықты. Нәтижесінде, әншілердің орындаушылық шеберлігіне қарай бас жүлдені Дастан Асан Әбдіғапар Темірхановтың «Перзент үні» әнімен жеңіп алса, Нағим Сатимов Қалидолла Ізекеновтің «Мөлдірім» әнімен І орынды иемденді. І Орынбасар Жұмаханов Жәкулә Нұрғалиевтың «Туған жер» әнін шырқау арқылы ІІ орынды жеңіп алса, ІІІ орынға қол жеткізген Бекет Аманқос Сүйінғали Өтеуовтің «Сағындым сәулешім» әнін орындады. Сонымен қатар, Гүлсая Меңдігереева, Ерасыл Самиғоллаев, Бисенбай Тіріжанов, Қуаныш Есенжандар арнайы Алғыс хатқа ие болды.

Бір қызығы - аталмыш шарада әндері халық арасында кеңінен шырқалып, тыңдармандардың көңіліне көрікті ой ұялатып жүрген сазгерлерге де жүлде тағайындалды. Атап айтсақ, ақын, сазгер Қалидолла Ізекеновтың «Мөлдірім» әні бас жүлдені иемденсе, І орынды марқұм Сүйінғали Өтеуовтың «Сағындым сәулешім», ІІ орынды марқұм Жәкулә Нұрғалиевтің «Туған жер», ІІІ орынды танымал музыкант, сазгер Әбдіғапар Темірхановтың «Перзент үні» әндері иеленді. Барлық ән авторына дипломмен қатар ақшалай сыйақы тарту етілді.

Әйгерім БИБОЗҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT