Қызылша – вирустан туындайтын өте жұқпалы, ауыр түрде өтетін сырқат, аталған аурумен сырқаттанған адамның орталық жүйке жүйесі зақымдалады.
Ауру қалай беріледі?
Инкубациялық кезең 7-21 күн аралығында созылады, жұқпа көзі – науқас адам. Ауру ауа-тамшылы жолмен науқас адам сөйлегенде, жөтелгенде немесе түшкіргенде беріледі. Ауру өте жұқпалы, яғни бұрын сырқаттанбаған адам қызылшамен ауыратын науқаспен қарым-қатынаста болғанда сырқаттану қаупі өте жоғары (егілмеген жағдайда).
Сондай-ақ ауру қоздырғышы ауа арқылы көшуі мүмкін, мысалы көп пәтерлі үйлерде баспалдақ, желдету шахтасы арқылы. Вирус ауада немесе инфекция жұқтырылған беткейлерде 2 сағатқа дейін белсенді және жұқпалы болып қалады. Қызылшаның белгілері. Қызылша дене қызуының көтерілуі, бас ауыруы, жөтел, мұрыннан су ағумен басталады. Көздің зақымдануы – жасаурау, конъюнктивит (қабақтың шырышты қабаттарының қабынуы) белгілі жағдай. Негізгі белгілері жіті респираторлық вирустық инфекцияларға ұқсас, 2-3 күнге дейін (кей кездері 5-6 күн) сақталады, одан кейін қызғылт нүкте – бөртпе пайда болады, олар бір-бірімен қосылып даққа айналады. Алғашында адамның басында (құлақ арты, беті) пайда болады, бөртпе ақырындап 2-3 күннің ішінде төменге түсіп, аяққа дейін жетеді. Қызылшаның алдын алу. Инфекцияға қарсы ең қолжетімді және тиімді шара вакцинация болып табылады. Қызылшаға қарсы вакцина 20 жылға дейін сақталатын иммунитет қалыптастырады. Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес екпе жүргізіледі. Қызылшаның арнайы емі жоқ, бірақ вакцинация арқылы сырқаттан қорғануға болады. Өзіңізді және жақындарыңызды негізсіз тәуекелге ұшыратпаңыз – қажетті профилактикалық егулерді уақтылы алыңыз!
Аймұратова Алтынгүл Бөкенбайқызы,
Атырау облысы СЭБД басшысының орынбасары