Құрманғазы ауданында екі медициналық пункттің құрылысы басталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Медициналық нысандар «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынып жатыр. Олар Құрманғазы ауданына қарасты Жаңаталап ауылы Шағырлы елді мекені және Орлы ауылы Алтыншы елді мекенінде салынады. Нысанды салу биыл күзде аяқталмақ. Екі медициналық пункттің мердігер мекемесі - «БатысСтройСервис-Атырау» ЖШС. Тапсырыс беруші – облыстық құрылыс басқармасы.
Қазіргі таңда Шағырлы ауылындағы медициналық нысанның кірпіші қаланып, іргетасы көтерілуде. Ал Алтыншы ауылда белгіленген жерді тегістеу жұмыстары жүріп жатыр.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, аудан әкімі Абат Жанғалиев мердігер мекеме өкілдеріне жергілікті тұрғындар үшін маңызы бар әлеуметтік нысанның сапалы әрі мерзімінде аяқтауын тапсырды.
Сондай-ақ жұмыстардың жоспарлы түрде жүруін қадағалап отыру қажеттігін ескертті.
Айта кетейік, Шағырлы елді мекенінде - 211, ал Алтыншы елді мекенінде 262 адам тұрады.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА