«Болам деген баланың бетін қақпа…» немесе мақсатты гранттың мән-жайы қалай? Мақсатты грант. Біз бұл туралы жиі естіп жүрсек те, оның қандай мамандыққа, қай оқу орнына қанша көлемде бөлінетіні алдын ала ашып айтылмай жүр.
Бәлкім, «игерілмеген грант» ұғымының пайда болуы да содан шығар. Талапкер баласымен бірге қабылдау комиссиясына құжат тапсыруға келген ата-аналардың дені мақсатты грант туралы жалпы хабардар болғанымен, олар таңдаған Алматы мен Астана университеттеріне тек бірді-екілі ғана грант бөлінгенін айтып, өкпе-наздарын жеткізді. Тіпті, біріне таңдаған мамандығына қатысты сауалына қабылдау комиссиясының өкілі толық жауап бере алмай, өтінішін үш мәрте тапсыруға тура келген. 13-20 шілде аралығында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне ағылған ата-аналардың көкейінде күдігі болғанымен, әсіресе мақсатты гранттан үмітті екенін жасырмайды. Жеткіліксіз ақпараттың салдары Республика Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек батыс өңірлерге былтыр бөлінген 10 мың оқу грантының тек 2500-і ғана игерілгенін хабарлап, себептерін ақпараттық жұмыстардың жеткіліксіздігімен байланыстырған болатын. Биыл да алдын ала нақты ақпараттың жоқтығынан гранттардың игерілмей қалуы әбден мүмкін. Олай дейтініміз – мақсатты грант туралы ақпараттан кейбір ата-аналар мүлде бейхабар.
– Мақсатты грант туралы толық түсіне алмадым. Біздің білетініміз – 1500 гранттың бөлінгені, оның педагогикалық, өндірістік, инженерлік, IT саласы, жаратылыстану бағытына қарастырылғаны ғана. Алғаш құжат тапсыруға барғанда грантқа қол жеткізуге төрт мүмкіндігіміз болғандықтан, екінші мүмкіндікке мақсатты грантты, оның ішінде Алматы қаласын таңдадық. Сол жерден үш жоғары оқу орны шықты, әрқайсысында екі гранттан 6 нысаналы грант болды. Біз осылары таңдайтынымызды айттық. Бірақ, бізге бір ғана жоғары оқу орнын шығарып берді. Қабылдау комиссиясының өкілі бір ғана оқу орны көрсетілгенімен, 6 грантқа қатыса алатынымызды айтты. Алайда, құжаттарды қабылдаудың соңғы күнінде бір ғана жоғары оқу орны емес, қалған екеуін де таңдай алатынымызды білдік. Өйткені, өзге талапкерлер солай жасаған. Ал, 20 шілде күні қайта барсақ, қабылдау комиссиясының өкілі «бұл жүйеге байланысты» деді. Бұрынғы өтінішімізге өзгеріс енгізгенде бір ғана жоғары оқу орны шығып тұрды. Ал, онда отырғандар мұның себебін сайттың жаңғыртылғанымен байланыстырды, – деді Айна есімді ана.
Бұдан кейін Айна қабылдау комиссиясының төрайымына екінші мәрте барып, жағдайын айтқан. Сосын ол әлеуметтік желідегі өзі тіркелген министрліктің чатында мән-жайды баяндайды.
– Біз одан педагогикалық бағыт бойынша құжат тапсырған мамандықтың шекті балының көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда көбейгенін, мәселенің содан туындағаны туралы жауап алдық. Сөйтіп, амалсыздан мақсатты грантқа бір ғана оқу орнын таңдауға мәжбүр болдық. Мақсатты гранттың тізімі уақытылы, алдын ала жарияланған жоқ. Соның кесірінен біз осындай жағдайға тап болып отырмыз. Ұзынсонар кезекке тұрып, енді құжат тапсырамыз дегенде жеткілікті ақпарат ала алмадық. Ал, университетке құжат тапсыру сол жерде шешім қабылдап, асығыс орындалатын шаруа емес қой, – дейді Айна.
Иә, бұл – мәселемен бетпе-бет келген бір ғана ата-ананың жанайқайы. Біз де «сонда осыған дейін айтылған ақпараттар дұрыс болмағаны ма?» деген ойда қалдық. Ал, оның себебі неде? Мақсатты грант қайда бөлінген? Грант – қай салаға?.. Сәуір айына облысқа іссапармен келген Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев Президенттің тапсырмасына сәйкес Атырау өңіріне 15000 мақсатты грант бөлінгенін, мұның зор мүмкіндік екенін, сонымен қатар оны «Серпін» бағдарламасымен шатастырмау қажеттігін айтып, жан-жақты түсіндірген еді. Тіпті, оның белгілі бір салаларға бөлініп отырғанын да айтты. Бірақ, нақты қай мамандыққа, қай оқу орнына қаншасы бөлінгені туралы ақпарат болған жоқ. Өз тарапымыздан біз де баспасөз бетінде жан-жақты жариялау мақсатымен облыстық білім беру басқармасынан сұрастырғанбыз.
Алайда, ондағылар министрліктен нақты мәлімет келмегенін желеу етіп, күні бүгінге дейін еш ақпарат берген жоқ. Тек грантқа құжат қабылдаудың соңғы күндері ғана Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев Атыраудағы мектеп бітіруші түлектерге педагогика ғылымдары бойынша – 283, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика бағыты бойынша – 49, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағытына – 561, инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары бойынша 607 гранттың бөлінгенін хабарлады.
– Бұл – тек қана Атырау облысының түлектеріне бөлінген грант. Алайда, ата-аналар мұны «Серпін» бағдарламасымен шатастырып жатады. «Нысаналы грантпен оқу бітіргендер сол өңірде қалуы тиіс» немесе «мамандық бойынша үш жыл жұмыс істеуі керек» деген секілді талап жоқ. Бүгінде талапкерлердің басым бөлігі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен педагогика ғылымдары мамандығын таңдап жатыр. Құжат тапсыру кезінде бірқатар жеңілдік те қарастырылған. Гранттың 5 пайызы көп балалы, әлеуметтік аз қамтылған, асыраушысынан айырылған санатқа бөлінді.
Өткен жылдан бастап ауыл мектептерінен шыққан түлектерге 35 пайыз квота тағайындалды, – деді Р.Емелбаев. Сонымен қатар ол нысаналы грант арқылы талапкер төрт қаланы және сол қаладағы барлық жоғары оқу орындарын белгілеуге мүмкіндігі барын атап өтті. 80 пайызы шекті балл жинады Биыл облыста мектепті 6300-ге жуық оқушы аяқтаған. Оның 5300-ге жуығы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, оның ішінде 80 пайызы шекті балл жинады. Бұл – грант конкурсына қатысу үшін зор мүмкіндік.
– Бүгінге дейін тек Атырау қаласында емес, аудан орталықтарында да болып, түсінік жұмыстарын жүргіздік. Биыл мемлекет тарапынан 73 мыңға жуық грант бөлініп отыр. Оның басым бөлігі, яғни, 60 пайызы – техникалық мамандықтарға қарастырылған. Мақсатты гранттың ең басты ерекшелігі – тек атыраулық түлектерге ғана беріледі. Талапкерлердің ең көп таңдайтыны – педагогикалық және IT саласы. Егер талапкер Атырау-Маңғыстау мақсатты гранты бойынша құжатын тапсырса, ол тек осы Атырау өңірінен шыққандармен грантқа бәсекеге түседі.
Ал, жалпы конкурсқа бүкіл республиканың талапкерлері қатысады. Егер өзгертуді қалап жатқан талапкер өзінің құжатын өңдегісі келсе, құжат тапсыру мерзімінің соңғы күніне дейін мүмкіндігі бар, – деді Руслан Тоқтарбекұлы. Сонымен қатар, ол мақсатты грантпен оқығандарға жергілікті жерде еңбек етуі керек деген ешқандай міндеттеменің жоқтығын, мемлекеттік грант секілді оқу орнын тегін оқып, шәкіртақы да ала алатынын қаперге берді. Мақсатты грант биыл Маңғыстау мен Атырау облыстарына ғана емес, халқы тығыз орналасқан өзге де облыстарға қарастырылған.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен ел экономикасына қажетті мамандар даярлау үшін жалпы саны 5000 нысаналы грант бөлінген. Оның ішінде, Атырау және Маңғыстау облыстарына – 1500, Абай және Түркістан облыстарына – 500, Шымкент қаласына – 400, Ұлытау және Жетісу облыстарына – 300 грант тағайындалды, – деді орталық директоры.
Түйін: Шынында, мақсатты гранттың облысқа қаншасы бөлінгені емес, маңыздысы – ол үшін құжатты қалай тапсыру керектігін, нақты қай мамандыққа бөлінгенін насихаттап, жұртшылыққа түсіндірудің әлі де жеткіліксіздігін кейіпкеріміздің сөзі растап отыр. Мәселенің егжей-тегжейі әбден құжат тапсыру аяқталар уақытта емес, алдын ала айтылса ата-аналар мұндай әбігерге түспес те еді. Ал, Айна «сондай олқылықтың салдарынан ҰБТ-дан 99 балл жинаған қызымның еңбегі енді еш кете ме?» деп алаңдаулы. Байдың асын байғұс қызғанғандай әрекет Айна сияқты ата-аналарды әбден сансыратқан. Егер мақсатты грант туралы министрліктегілер ертерек қамданса, оның игерілуінде де мәселе туындамай, ел де еш қиындықсыз игілігін көрер еді. Бұл да келер жылға сабақ болса дейміз. Өйткені, осыншама еңбектеніп ҰБТ-дан жоғары балл жинап тұрған бала құжат тапсыру кезінде қателеспеуі керек. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, білместік баланың бағын байламауы тиіс.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА