«Арман» мәдениет үйінде жастар арасында “Talaptan Qyzylqoga” жобасы аясында “Talaptan жастар кубогі” ойындары өткізілді.
Білім беру саласындағы талантты, зияткер және шығармашыл қызмет жасайтын бастамашыл жастар мен балаларды анықтау және қолдау, ауданда көңілді тапқырлар клубын дамыту мақсатында өткізілген шараға 5 команда қатысып, бақ сынады. Жастар ауданымыздағы түйткілді мәселелерді, қоғамдағы жайттар мен саясатты әзілмен өрнектеп, көрерменге шынайы жеткізе білді. Алғашқы минуттан бастап-ақ командалар керемет стиль, образ, имиджі арқылы залдағы көрермендерді баурап алды.
Нәтижесінде ұтымды әзілімен жоғары ұпай жинаған «Миялы» командасы І орынды жеңіп алса, «Қызылту» командасы ІІ орынға, «Жангелдин» командасы ІІІ орынға ие болды.
– Бұл ойын ерекше көңілді өтті. Әр қатысқан командалар көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, тапқырлық, өнер және ұйымшылдық арқылы өз таланттарын паш етті, - дейді аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Ризабек Амантайұлы.
Әзіл мен достыққа толы бұл кеш жастардың бірлігін, белсенділігін және шығармашылық қабілетін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Кәмшат ӘБІШ