Осындай тақырыпта 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған Х.Досмұхамедұлы атыындағы орта мектебінде ерекше білімді қажет ететін балалар мен ата-аналарына арналған мерекелік шара өтті.
Елімізде ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқытып, қоғамға бейімдеу мемлекет алдында тұрған өзекті мәселенің бірі.
Балалардың қуанышын арттырып, олардың бойына бірлік, достық пен мейірімділік сезімдерін ұялату мақсатында аталмыш мектеп психологтары Д.Таяшева, Б.Сәрсенғалиева, тәлімгер Р.Жұманова, дефектолог И.Отарбаевалардың ұйымдастыруымен өткен шараға үйден білім алатын Юнус Ыбырай, Исламбек Досболұлы, Нұрислам Қанат, Расул Ардақұлы, Артур Мұханбетжан және аналары, ұстаздар, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ұлдаш Құлшықова және Миялы ауылдық округі әкімі жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Анар Арыстангалиевалар қатысты.
– Бүгінгі таңда ерекше қамқорлыққа мұқтаж балаларға білім беріп, денсаулығын жақсарту бағытында кешенді қадам қажет. Үйден оқитын балаларымызға иклюзивті оқыту негізінде ешқашан кемсітушілікке жол берілмеді. Арнайы үйден білім алушылардың тең құқығылығына қолайлы жағдай туғыза отырып, қоғамда өзін жайлы сезінуге жағдай жасап отырған мектеп ұжымына алғысым шексіз. Мерекеде балаларымызға арналған түрлі ойын-сауық бағдарламалары, спорттық жарыстар ұйымдастырып, сыйлық беріп, қуантып жатыр. Барлық ана атынан алғыс білдіреміз, - дейді Исламбек Досболұлының анасы Үміт Хамзина.
Балалар өз өнерлерін ортаға салып, ән айтып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларға арналып естелік сыйлықтар табыс етіліп, мейірімділік пен жанашырлыққа толы сәттер орын алды. Бұл мереке – ел ертеңі саналатын балаларға көрсетілген шынайы қамқорлықтың көрінісі болды.
Кәмшат ӘБІШ