Бүгін Тасшағыл ауылдық округіндегі Махамбет Өтемісұлы атындағы мәдениет үйінде сазгер, жазушы, публицист, музыкатанушы, суретші, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстанның Еңбек ері Илья Жақановтың «Әнім саған туған ел» атты өнер кеші болып өтті.
Өнер кешін құттықтау тілегімен ашқан аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
- Бүгін біртуар тұлға Илья Жақановтың ауданға келуі зор мәртебе. Әркез Сіз Қызылқоға ауданын ыстық ілтипатқа бөлеп жүресіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу кезінде де Тасшағыл ауылы жайлы сөз қозғағаныңызды білеміз. Оның барлығы біз үшін үлкен мәртебе. Былтыр мәдениет үйі ашылған кезде «Махамбет Өтемісұлы атындағы мәдениет үйінде Махамбет батырымыздың суреті ілініп тұруы керек» деп тілге тиек еткенсіз. Сол уәдеңізде тұрып, сәлемдеме ретінде салмай, Қамбарбек Амановтың көшпелі галлериясын таныстырып, Махамбет Өтемісұлының портретін өз қолыңызбен әкеліп табыстап жатырсыз. Ендеше, Сізге айтар алғысымыз шексіз! Тиыш апамызбен ұзақ ғұмыр кешіп, өнеріңізбен талай жасты шабыттандыра беріңіз!, - деген ізгі тілегін арнап, кеш қонағы Илья Жақанов пен жары Тиыш апайдың иықтарына шапан жауып, гүл шоқтарын табыс етті.
Одан соң, Тасшағыл орта мектебінің оқушылары жырдан шашу шашса, аудан өнерпаздары Ғибадат Тұрғалиев, Зәуре Жұмағалиева, Ұлан Жакенов, Аманбек Берікқалиев, Бибігүл Баянқұлова мен Сағыныш Шамұратова, «Арман» триосы, «Қарабалиндер» Халықтық отбасылық ансамблінің орындауында әсем әндер шырқалды.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА,
Суретті түсірген Ақнұр ДҮЙСЕНҒАЛИ