Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫЛАР МАРАПАТ ТӨРІНДЕ

Таяуда «Ақсайын» мейрамханасында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық кезеңі өтті.  Биыл он бірінші рет ұйымдастырылған конкурсқа 9 ауылдық округ бойынша 10 отбасы құжаттарын тапсырған.

Шараға барлық отбасы мүшесі қатысып, мерекелік дастарханның қонағы болды. Шараны құттықтау тілекпен ашқан аудан әкімінің орынбасары Ерболат Иғали: 

 – «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп дана халқымыз айтқандай, тағылымды тәрбиенің қайнар көзі ұрпақ тәрбиелеп отырған өнегелі отбасылар екендігі белгілі. Сондай отбасыларды жиі насихаттап, ұлығылап тұру біздің борышымыз.  Бұл орайда, «Мерейлі отбасы» байқауы елімізде отбасы институтын дамытып, адамгершілік-рухани құндылықтарын нығайтуға, ата-аналардың ұрпақ тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыруға зор серпін береді. Және осы байқаудың арқасында ауданда жыл сайын татулығы мен бірлігі жарасқан, зерделі де озық ойлы отбасылар көптеп танылып келеді. Ендеше, тәрбиесі мен тағылымы мол өнегелі отбасылар көбейе берсін,  - деп тілегін білдіріп,  жамбылдық Теңізовтер және мұқырлық Қабдоловтар отбасына аудан әкімінің Алғыс хаты мен естелік сыйлық табыс етті.

Бұдан кейін сөз алған аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Жолдас Ибрашев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағидолла Яқыптар өз кезегінде Ерекеновтер (Көздіғара ауылдық округі), Көбеновтер (Қызылқоға ауылдық округі), Ғалиевтар (Миялы ауылдық округі), Латиевтар (Миялы ауылдық округі), Жанғалиевтар (Тасшағыл ауылдық округі), Үбіғалиевтар (Ойыл ауылдық округі), Таласовтар (Сағыз ауылдық округі),  Берікқалиевтар (Тайсойған ауылдық округі) отбасын марапаттады. Сонымен қатар, шара барысында Бисұлтан Мұхтаров, Бисенбаевтар отбасы, Марина Ерекенова, Мөлдір Абдрахманқызы, Шыңғыс Жайлауұлы сынды өнерпаздар өнер көрсетіп, көпшіліктің көңілінен шыға білді.

Байқаудың аудандық кезеңіне қатысқан отбасылар арасынан жамбылдық Ермек Теңізов пен  мұқырлық Сисенбай Қабдоловтың отбасы аудандық комиссия шешімімен жеңімпаз атанып, облыстық кезеңге жолдама алды. Ендеше облыстық кезеңде аудан намысын қорғайтын отбасыларға сәттілік тілейміз.

Дулат МӘТЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT