Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Соркөлдіктер газ сұрайды

Өткен аптаның бейсенбісі күні жылдағы дәстүрмен «Баспасөз-2019» науқаны бойынша Мұқыр, Сағыз ауылдық округтеріне іссапармен барған едік.

Таңғы сегіздерде Миялыдан шыққан біз ең бірінші Соркөл елдімекеніне ат басын бұрдық. Бұл елдімекеннің бір артықшылығы ауыл ішіне дейін асфальт жол тартылған. Яғни, ауылда көлік қатынасынан мәселе туындамайды. Ауылға кірген сәтте байқағанымыз тұрғындар күн ысығанша үй-жай, қора-қопсыларын жөндеп, тірліктерін жасап жатыр екен. Көшеде кездескен тұрғынға өзіміздің жергілікті газеттен екенімізді айтқанда «Клубқа бара беріңіздер, қазір тұрғындарды жинаймын» деді. Клуб дегені ішінде кітапхана мен бұрынғы мектеп орналасқан үй екен. Біз клубқа бара бергенде көп ұзамай он шақты адам жиналды. Жергілікті тұрғын Нұрсайын Қаражанов қазіргі таңда ауылда 20 шақты үй болғанымен оның 11-інде ғана адам тұрып жатқанын, ауыл халқының негізгі күн көрісі – қолдарындағы азын-аулақ малы екен. Ел қатарлы көштен қалмай күн көріп жатқан соркөлдіктердің басты арманы – көгілдір отын. – Біздің жыл сайын елеңдеп күтетініміз газ. Қазір ауданның 95 пайыздайы көгілдір отынмен қамтамасыз етілгені белгілі.

Ал, сол газ үлкен жол бойында отырсақ та бізге бұйырмай тұр. Жыл сайын «Әне тартылады, міне тартылады» деп келеді. Бірақ, біздің ауылға қарай тартылып жатқан газ құбыры көрінбейді. Газ келсе ауылымыздың сәні кірер еді. Жұмыс іздеп қала мен далаға кеткен жастар да ауылға келіп, халық саныда көбейері анық. Былтыр халық саны азайып кеткесін балалар оқитын шағын орталықты да жауып тастады. Сонымен қатар, осы қыста клубқа сұйық отын жеткізілмей клубымыз қыс бойы жабық тұрды. Егер газ тартылса осының бәрінен құтылар едік. Бір қуаныштысы ауылға зейнетақы мен газет кешікпейді. Тіпті, газетті Миялыдан бұрын оқимыз. Себебі, ұзын жолдың бойы болғандықтан пошта қызметкерлері ең бірінші бізге әкеледі. Ал, «Қызылқоға» газетіне ауыл түгел жазылады.– дейді ауыл ақсақалы Қаршыға Бакшиев. Ауыл ақсақалының сөзін қоштаған тұрғындар сонымен қатар елдімекенге ұялы байланыс желісі орнатылса, мейрам күндері ауылға өнерпаздар келіп концерт қойса деген тілектерін де жасырмады. Бізге ризалығын білдірген тұрғындар осы айтылған мәселелерді газет бетінде көтеруді сұрап, шығарып салды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT