Кеше Қарабау ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен, ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан салт-дәстүріміздің бірі «Қызға сырға салу» қойылымы өтті.
Қыз бала тәрбиесіне байланысты ұстанымдардың бірі – қызды оң босағаға отырғызу. Қызы он екіге толғанда ата-анасы киіз үйдің оң босағасынан орын беріп, оның көрпе-төсегін көлегейлеп шымылдық іледі. Бұл ел ішінде "қызын оң жаққа шығару" деп аталады. Шымылдық ішінде "қыздың үйі-"қосаға", ал осы қосағаны бүркемелеп тұрған перде - "көсеге" делінген. Әжесі бауырына басқан немересінің шашын өріп, шашбау тағады. Және жеңгелері қайынсіңлісіне сәукеле тігіп кигізеді. Сонымен қатар, абыз аналардан бата алып, жеңгелері қыздың жасауын жасап, сандығына тұрмысқа қажетті бұйымдарды салады.
Осылайша, бұл дәстүр аталмыш кітапхана да жалғасын тапты. Сондай-ақ, Көздіғара ауылдық кітапханасында «Сүйінші сұрау» жоралғысы өтті. Онда Дәулетбай Азаматтың "Қазақстан чемпионы" атағын алған сәтіне сүйінші сұрап келген балаларға үй иесі жоралғысын беру көрінісі көрсетілді.
Бұған қоса, Жангелдин ауылдық кітапханасында «Байғазы» қойылымы қойылды. Байғазы – қазақ дәстүрінде үлкеннің кішіге, негізінен балаға беретін сыйлығы. Байғазыны, көбінесе, жасөспірім балалар, бойжеткен қыздар, бозбалалар жаңа киім кигенде, жаңа зат алғанда ағалары мен жеңгелерінен, апа, әке-шеше, жанашыр жақын туыстарынан сұрайды. Үлкендер Байғазы (ақша, малдың төлі т.б.) берумен бірге құтты болсын айтып, ізгі тілектерін білдіреді. Сөйтіп, үш кітапханада көрсетілген салт-дәстүрлер жас ұрпаққа өрісті өнеге сыйлады деп есептейміз.
Ендеше, ұлағатты дәстүріміз ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсе керемет емес пе?!
Кәмшат ӘБІШ