Аудандық орталық кітапханада «Мемлекеттік қызметшілердің әдебі» тақырыбында мемлекеттік қызметшілер арасында пікірсайыс өтті. Әдеп кодексінің нормаларын талқылап, белгілі бір фактілерді зерттеуге, болжауға, жүйелеп сөйлеуге, өз көзқарасын ашық та жүйелі түрде дәлелдеуге және өз бағытын дұрыс ұсынып, қарсы пікірдегі адамдардың қойған мәселелерін жан-жақты талқылау мақсатында ұйымдастырылған пікірсайысқа екі топ қатысты.
«Билік» және «Халық» атын иеленген екі топ мүшелері бірінші кезең бойынша, яғни «Мемлекеттік қызметші қандай болуы керек?» деген сұраққа айтқан пікірлерін фактілер мен статистикалық мәліметтер келтіре отырып дәлелдесе, «Әдеп кодексін талқылау» атты екінші кезеңде екі топ та аталмыш кодекстің бірнеше тармағын талқылап, оның тиімді және тиімсіз жақтарын тілге тиек етті. Ал, «Сұрақ-жауап» кезеңінде экран арқылы қойылған сұрақтарға қатысушылар ұялы телефондары арқылы жауап берді.
Пікірсайыс жеңімпазы көрермендердің дауыс беруімен анықталып, басым дауыспен «Халық» тобы жеңіске жетті. Шара соңында аудан әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Асылбек Жанқуатов сайысқа белсенділік танытып қатысқан топ мүшелерін алғыс хатпен марапаттап, сыйлыққа кітап табыс етті.
Бауыржан ОҚАС