Бүгін Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай аудан тұрғындарының қатысуымен «Арман» мәдениет» үйінде салтанатты жиын өтті.
Мемлекеттік Әнұран ойналған соң, мерекелік шараға арнайы дайындаған бейнебаян көрсетілді. Салтанатты шарада құттықтау тілегін білдірген аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев:
– Осыдан 35 жыл бұрын тарихта «Ауған қақтығысы» деген атаумен тіркелген сұрапыл соғысқа нүкте қойылды. Он жыл бойы интернационалдық борышын абыроймен өтеген Кеңес әскері Ауғанстан жерінен шығарылды. Содан бері 15 ақпан күні қақтығыстың қақ ортасынан табылып, қасіретті кезеңде қайтпас қайсарлықтың үлгісін көрсеткен барша ауған жерінде қызмет еткен жауынгерлерге құрмет көрсетуге арналып келеді. 2238 күнге созылған ауған жеріндегі қанды соғыста қару асынған қазақ сарбаздары интернационалдық борышын адал өткерді. Отан алдындағы қасиетті борышын адал өтеп келгеннен кейін де ел тіршілігіне араласып, Тәуелсіз еліміздің өркендеуіне, қоғамның рухани, патриоттық дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Ендеше, еліміз тыныш, бейбітшілік заман болсын! - деді.
Бұдан кейін қастерлі кезеңде Отан алдындағы борышын орындауда көрсеткен қаһармандығы мен ерлігі және өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу ісіне, өлкеміздің дамуына қосып келе жатқан зор үлесі үшін салтанатты жиынға қатысқан ауған соғысы ардагерлеріне аудан әкімі Қанат Әзмұхановың Алғыс хаты табыс етіліп, аудандық ауған соғысы ардагерлер ұйымының төрағасы Марат Сәрсенғалиев құттықтау сөз сөйледі.
Шара барысында «Ақжелең» халықтық фольклорлық ансамблі «Ыңғайтөк», «Жайма қоңыр», «Адай» шығармаларын орындаса, Айдана Ижапқұлова, Гүлхан Қалыбек, Ғибадат Тұрғалиев, Заманбек Абзалұлы, Хайролла Мәдиев, «Арман», «Қаракөл» дуэті «Ауғанстан», «Аға», «Көзкөргендер», «Отан ана», «Елге арнау» әндерін шырқап, «Ойыл аруы» би тобы «Шашу», «Өрлеу» биін билеп, көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Бауыржан САҚТАСЫНОВ