Мемлекеттің іргетасын айқындап, болашаққа бағдар сілтейтін Ата Заңның жаңа кезеңге қадам басуы – еліміз үшін тарихи маңызы бар оқиға. Бүгінде Қазақстанның саяси жүйесін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған бұл реформалардың басты ерекшелігі – оның мазмұндық тұрғыдан 84 пайызға жуық жаңаруында жатыр.
Мұндай ауқымды өзгеріс Конституцияның тек құжат ретінде емес, заман талабына сай тірі механизм ретінде қайта түлегенін көрсетеді. Бұл жаңартулар суперпрезиденттік басқару үлгісінен ықпалды Парламенті бар Президенттік республикаға түбегейлі көшуді бекітіп, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдіктің жаңа моделін қалыптастырды. Осы орайда, жаңа Ата Заңның ел дамуына қосар үлесі зор екенін ерекше атап өткен жөн. Себебі ол мемлекет пен қоғам арасындағы сенімге негізделген мүлдем жаңа қоғамдық келісімді орнатты. Жер мен оның қойнауының халыққа тиесілі екендігі туралы қағиданың заңмен бекітілуі әділетті қоғам құру жолындағы батыл қадам болса, Конституциялық Соттың құрылуы әрбір азаматтың құқығын қорғауға тікелей мүмкіндік берді. Саяси реформалардың нәтижесінде халықтың мемлекет ісіне араласу мүмкіндігі кеңейіп, азаматтық белсенділік жаңа деңгейге көтерілді. Осылайша, 84 пайызға жаңарған Ата Заң Әділетті Қазақстанның құқықтық тірегіне айналып, еліміздің тұрақтылығы мен экономикалық өрлеуіне даңғыл жол ашып отыр.
Меруерт ЖҰМАБАЕВА,
ардагер ұстаз



