Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті өткен жылдан бастап Әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметінің нәтижесін анықтау, оларға жүктелген функцияларды тиімсіз атқаруға әсер ететін факторларды жою және қойылған міндеттерге жетуде ынталандыру мақсатында Әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін бағалауды қолға алған болатын.
Осы орайда, сейсенбі күні облыс орталығында ұйымдастырылған Әдеп жөніндегі уәкілдерге арналған семинарда олардың өткен жылы атқарған жұмыстары да талқыланып, нәтижесінде Қызылқоға ауданы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі, аудан әкімі аппаратының басшысы Асылбек Жанқуатов «Үздік Әдеп жөніндегі уәкіл» деп танылды.
Ендеше, Асылбек Жолдасұлын аудан әкімдігінің мемлекеттік қызметшілер арасында өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін нығайтып, олардың кәсіби біліктіліктерін арттыруға тиімді үлес қосқаны үшін алған лайықты марапатымен құттықтай отырып, алға қарай да ел игілігін арттыру жолында жемісті еңбек ете беруіне тілектеспіз.
Бауыржан ОҚАСҰЛЫ