Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Айлардың сұлтаны Ораза қабыл болсын!

Бүгін барша мұсылман жамағатының ең берекелі де, мерекелі де күндерінің бірі. Өйткені бүгіннен бастап әлемдегі исі мұсылман қауымы Рамазан айымен қайта қауышып, отыз күн оразасын ұстайды.

Айлардың сұлтаны саналатын бұл айдың қадір-қасиеті өзгелерге қарағанда мүлде бөлек. Себебі, ауыз бекіткен ағайын таң атқаннан кеш батқанға дейін нәр татпай, бір жұтым судың қадірін түсініп, өзі де рухани байып қалатыны белгілі. Бұл айдың тағы бір ерекшелігі – ораза ұстаған жамағат бір-бірін ауызашарға шақырып, тұрмысы төмен отбасыларға көмек қолын созып, өзара сыйластық пен бауырмалдық арта түспек. «Бәйтерек» мешітінің бас имамы Мұрат Сұлтанов:

– Ораза балиғат жасына толған, ақыл-есі түзу, өзін мұсылман санайтын әрбір адамға парыз. Қасиетті Құранда Алла Тағала «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды...» деп «Бақара» сүресінде айтқан.

Рамазан айында жасалатын құлшылықтардың тағы бірі – тарауых намазы. Ол туралы пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Кім Рамазан айында тарауых намазын иманмен, ықыласпен оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі» деген. Тарауых намазы құтпан намазынан кейін оқылады. Әбу Ханифа мазхабы бойынша 20 рәкағат. Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының шешімімен биылғы пітір садақа мөлшері – 300 теңге болып бекітілді.

Қадір түні 11 маусымнан 12 маусымға қараған түні. Бұл айда біздің «Бәйтерек» мешіті де арнайы бағдарлама жасап, игі істерді атқаруға дайындық үстінде. Мешітіміздің ауласында тігілген киіз үйде жылдағы дәстүрмен ауызашарлар беріліп, қайырымдылық шаралары жасалады, – дейді. Қасиетті айды қазақылығы бұзылмаған біздің аудан халқы да жыл сайын белсенділікпен өткізіп келеді. Мәселен, соңғы үш жылдан бері аудан жастарының «Жүрекке жол» еріктілер тобы дәстүрлі түрде «Тегін такси» акциясын өткізіп келсе, былтыр Сағыз ауылындағы «Абдолла Хазірет» мешітінің жамағаты мешіт ауласына ауызашар жасайтын тапшан салып берді. Сондай игі істердің бірі биыл Тайсойған ауылында қолға алынып отыр екен. Ауыл ақсақалдары мен ел ағаларының бастамасымен «Арақсыз бір ай» атты Үндеу жарияланып, бұл бастама тұрғындар тарапынан қызу қолдау тауып отыр. Тайсойғандағы бұл іс өзге ауылдарда да қолға алынса, нұр үстіне нұр болары хақ. Ендеше, ниет етіп ұстаған оразаларыңыз қабыл болып, жасаған игі амалдарыңыз исі мұсылман қауымға үлгі болсын демекпіз!

Дулат БЕРІКҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT