Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ҚҰРЫЛЫСШЫ АТЫНДАҒЫ ТУРНИР

Жақында Миялы ауылындағы орталық стадионда кіші аяқ доптан ауылішілік турнирден жарыс өтті.

Құрбан айт мерекесінде ұйымдастырылған бұл шара ауданның құрылғанына 80 жыл толу мерейтойына және ауданда құрылыс саласының дамуына өзіндік үлесін қосып, ауылдың өсіп-өркендеу жолына ұзақ жыл елеулі еңбек еткен ардақты азаматтардың бірі – Сәуірбай Әбдіғалидың 75 жылдығына арналды.

Жарыстың негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттай отырып, ауыл спортының деңгейін көтеру, спорттың бұқаралығын арттыру және спортшылар арасында достық қарым-қатынасты қалыптастыру.

Шараның ашылу салтанатында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сәндібек Салықов және Сәуірбай Жуалбайұлының ұрпақтары атынан ұлы Жүсіп Әбдіғали сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Әр ауылдан қатысқан кіші аяқ доп шеберлері «Телевышка», «Мөлтек», «Керуен», «ПМК», «Дидар», «Автобаз» және «Водстрой» командаларына бөлініп, жасыл алаңда сынға түсті.

Жарыстың бір ерекшелігі -  әр командада жасы 35-тен және 40-тан жоғары ойыншының қатысуы және олар ойын барысында алаңда ойнауы тиіс. Турнир талабын орындап, доп додасына қатысқан командалар екі топқа бөлініп өзара кездесті. Ойын өте тартысты  әрі әділ өтті. Екі күнге созылған жарыстың ақтық сынында «Водстрой» және «Дидар» командасы кездесті. Тартысты өткен ойында қарсылас командасын 5:0 есебімен ойсырата ұтқан «Водстрой» командасы І орынды жеңіп алса, «Дидар» командасы ІІ орынды, ал «ПМК» командасынан басым түскен «Телевышка» командасы ІІІ орынды иеленді. Сайыс қорытындысымен Миялы ауылішілік кіші аяқ доп турнирінің «Үздік қақпашысы» «Водстрой» командасының ойыншысы Мейрамбек Нұрғалиев атанса, «Үздік қорғаушы» Болатбек Меңдіғалиев («Телевышка» командасы), «Үздік шабуылшы» Нұрболат Бисемалиев («ПМК» командасы) деп танылды.

Жарыс жеңімпаздары мен үздік аяқ доп шеберлері аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі атынан арнайы дипломмен марапатталса, Сәуірбай Әбдіғалидың ұрпақтары атынан кубок,  медальдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды

Бауыржан САҚТАСЫНОВ

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521