Биыл құрылғанына 80 жыл толып отырған ауданымыздың дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан азаматтар аз емес. Солардың бірі – спорт және құрылыс саласының ардагері Сәуірбай Әбдіғалиев.
1949 жылы Сағыз ауылдық округіне қарасты Шолақсай елді мекенінде туған ол Сағыз ауылындағы қазіргі 9 орта мектебінде 1956-1966 жылдары білім алды. Алғашқы еңбек жолын 1966 жылы Ленин атындағы кеңшарда №1 трактор бригадасының тіркеушісі болып бастаған кейіпкеріміз 1974 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына оқуға түсіп, 1977 жылы «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс маманы» мамандығын алып шығады. Жастайынан спортқа әуес болып өскен жас жігіт талай мәрте спорттың футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, бокс түрлерінен үнемі жарыстарға қатысып, алдыңғы саптан көрініп жүрді.
Студент шағында «Тараз» студенттік жастар футбол құрамасының қорғаушысы болып ойнаса, кейіннен волейболдан аудан құрама командасында ойнап, тіпті құрама жаттықтырушы да болды. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін 1977 жылы кіндік қаны тамған Сағыз ауылындағы Ленин атындағы кеңшарда күрделі құрылыс шебері қызметін атқарып, аз ғана уақыт аралығында өз ісінің шебері бола білген Сәуірбай Жуалбайұлы 1980 жылы аталмыш кеңшарда прораб, 1990-1991 жылдары Қазақстан Компартиясы Қызылқоға аудандық партия комитетінің хатшысы, 1991-1992 жылдары Халық депутаттары аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1993-1994 жылдары Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары, 1995-2001 жылдары «Ауыл құрылысы» акционерлік қоғамының төрағасы, 2001-2003 жылдары «Қазақавтожол» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Атырау филиалы Қызылқоға аудандық жол басқармасының бастығы, 2003-2005 жылдары аудандық коммуналдық, меншік-құрылыс, көріктендіру және тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2006-2008 жылдары аудандық құрылыс бөлімінде бас маман, 2008 жылдың сәуір айынан 2012 жылы зейнеткерлікке шыққанша аудандық құрылыс бөлімінің меңгерушісі болды. 2015 жылы тағдырдың жазуымен өмірден абзал азамат тек қызметте ғана табысты болған жоқ, өмірлік серігі Дәкен Әлімжанқызы екеуі 2 ұл, 1 қыз сүйіп, бүгінде олардан тараған ұрпақ бір қауым елге айналып отыр. Ендеше, осындай артына өлмейтұғын із қалдырған абзал азамат, білікті құрылысшы, сайыпқыран спортшы, ардақты әкенің өрісті өнегесін жас ұрпаққа ұлағат етсек керемет емес пе?!
Осыған орай, Миялы спорт кешенінде спорт және құрылыс ардагері Сәуірбай Әбдіғалиевті еске алуға арналған волейболдан облыстық ашық турнир өтті. Ала допты алақандарына ойнатқан додаға Құрманғазы, Махамбет, Индер, Мақат және аудан волейболшыларынан екі команда қатысты. Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев турнирге қатысушыларға қош келдіңіз айтса, Сәуірбай Әбдіғалиевтің ағасы, тарих ғылымдарының докторы Нұртаза Абдуллаев інісі жайлы естеліктен сыр шертті. Бұдан соң қатысушы командалар жеребе бойынша екі топқа бөлініп, дүбірлі доданы бастап кетті.
Нәтижесінде ақтық сынға алқынбай шыққан Махамбет және Құрманғазы ауданының командалары финалда тартысты ойын көрсетіп, нәтижесінде махамбеттіктер соңғы партияда басым түсіп бірінші орынды (жүлдесі 200 мың теңге) жеңіп алса, құрманғазылықтар екінші (жүлдесі 150 мың теңге) орынды иеленді. Ал аудан абыройын қорғаған "Қызылқоға-1" командасы үшінші (жүлдесі 100 мың теңге), орынды иемденсе, "Қызылқоға-2" командасына жеңіске деген жігері үшін 50 мың теңге ақшалай сыйлық табыс етілді. Сонымен қатар, "Қызылқоға-2" командасының ойыншысы Айбол Ысқақов «Үздік байланыстырушы», "Қызылқоға-" командасының ойыншысы Дәурен Тілеков «Үздік қорғаушы», Құрманғазы ауданы командасының ойыншысы Азамат Ерген «Үздік шабуылшы», Махамбет ауданы командасының ойыншысы Қуаныш Орынбасаров «Үздік ойыншы» атанып, барлығы да 25 мың теңге ақшалай сыйақымен марапатталды.
Келесі күні «Ақнұр» мейрамханасында Сәуірбай Әбдіғалиевтың рухына құран бағышталып, ас берілді. Сөйтіп, екі күн бойы ауданның дамуына сүбелі үлесін қосқан спорт және құрылыс саласы ардагерінің есімі ұлықталып, өнегелі өмір жолы кейінгі буынға үлгі болды.
Дулат МӘТЖАН