Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚСЫЗ ҚОҒАМ – БЕРЕКЕЛІ БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ

«Арман» мәдениет үйінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында және «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді әрекет» республикалық акциясы шеңберінде «Зорлық-зомбылықсыз қоғам – әділдіктің айнасы» тақырыбындағы семинар-тренинг өтті. Маңызды басқосуға әкелер, әжелер және аналар кеңестерінің төрағалары мен төрайымдары, білім беру ұйымдары басшыларының орынбасарлары, психологтар, әлеуметтік сала мамандары және көпбалалы аналар қатысты.

Жиынның ашылуында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, Қызылқоға ауданы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Асқар Ақтаев сөз алып, отбасы тәрбиесі мен қоғамдық мәдениеттің зорлық-зомбылықтың алдын алудағы маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай шаралар қоғамда рухани тұтастық пен жауапкершілікті күшейтуге жол ашады.

Басқосуда арнайы шақырылған спикерлер өз бағыттары бойынша мазмұнды баяндама жасады. Аудандық аталар кеңесінің төрағасы Сағидолла Яқып «Болашақ – жастардың қолында» атты ойымен бөлісіп, жас буын тәрбиесіндегі ата-баба өсиетінің рөліне тоқталды. Ал «Отбасын қолдау орталығының» психологі Ақмарал Құлшықова орталықтың қызметтері мен отбасындағы дағдарыс жағдайларын шешу жолдары туралы баяндады.

Сондай-ақ, аудандық полиция бөлімі отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы, полиция майоры Айгерім Шәкірова «Жасөспірімдер арасында цифрлық зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Оның айтуынша, жыл басынан бері аудандық полиция бөліміне отбасы тыныштығын бұзу бойынша 101 хабарлама тіркелген. Соның негізінде 74 құқық бұзушыға әкімшілік жаза қолданылып, жәбірленушілерге қорғау нұсқамалары берілген. Қоғамда тәртіпсіздікке жол берген тұлғаларға мінез-құлқына қатысты ерекше талаптар қойылған.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көбіне балалар, қарттар, мүгедектер және әйелдер қауымы бейім. Сол себепті құқықтық мәдениетті арттырып, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту өте маңызды, – деді полиция майоры.

Жиын барысында аудандық әжелер кеңесінің төрайымы Бағыт Нығмет ұлттық тәрбиенің ұрпақ қалыптастырудағы маңызын айтып, жастарды мейірім мен адамгершілікке тәрбиелеу қажеттігін жеткізді.

– Қазақы тәрбие – ұлттың тамыры. Егер балаға жылылық пен дұрыс бағыт көрсетілсе, ол да қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасады, – деді ол.

Семинар соңында «Отбасын қолдау орталығының» психолог маманы қатысушылармен тренинг өткізіп, олардың пікір алмасуына, өзара байланыс орнатуына мүмкіндік берді.

Жалпы, мұндай іс-шаралар қоғамда зорлық-зомбылықсыз орта қалыптастыруға, отбасының беріктігін арттыруға және тұрғындардың құқықтық сауатын көтеруге үлкен үлес қосады.

Кәмшат ӘБІШ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT