Қоғамда әр мамандықтың өзіндік орны мен маңызы бар. Соның ішінде жұмысшы мамандығы – нағыз еңбек пен жауапкершілікті талап ететін, ел дамуына тікелей үлес қосатын аса қадірлі кәсіп. Құрылысшы, дәнекерлеуші, электрик, механик, слесарь, токарь сынды техникалық жұмысшылардың еңбегі – күнделікті тіршіліктің діңгегі деуге болады.
Бүгінде техникалық сала мамандарына сұраныс жоғары. Бұл – олар тек жеке адамның емес, тұтас бір кәсіпорынның, тіпті мемлекеттің ілгерілеуіне ықпал ететіндігімен түсіндіріледі. Сонымен қатар, бұл мамандық иелері нақты нәтиже беретін, көзге көрінетін еңбекпен айналысады. Яғни, жұмысшы – өз қолымен құрылыс салып, жол төсеп, жабдық жөндеп, өндірісті жүргізіп отырған еңбек адамы. Қазір елімізде жұмысшы мамандығының беделін көтеру, жастарды кәсіптік-техникалық білімге тарту – маңызды мәселелердің бірі. Өйткені техникалық білім – табысты болашаққа апарар нақты жолдардың бірі. Қолында кәсібі, бойында ептілігі бар жас – ешқашан жұмыссыз қалмайды. Сондықтан да жұмысшы болу – бұл тек еңбек ету емес, бұл – қоғамға пайда әкелу, нақты іс атқару, өмірді жақсартуға үлес қосу. Мұндай мамандыққа құрмет – ең алдымен адал еңбекке құрмет.
Сағыныш ҚАЙЫР