Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЖАУАПКЕРШІЛІК ҚАЖЕТ

Таяуда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың ІV отырысында қоғамдағы өзекті деген мәселелерге назар аударылып, ел дамуына қатысты тұшымды пікірлер сөз болды. Бұл Құрылтайдың ерекшелігі тек бір бағытта емес, жалпы елдің даму бағыты талқыланды. Жалпы бұл ел болашағы үшін тарихи белес болды.

Жиында  еліміздің көрнекті тарихи тұлғаларын  ұлықтау бағытына тоқталаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Олардың есімін ел жадында сақтау – перзенттік парызымыз әрі жалпыұлттық болмысымызға тән қасиет. Бірақ ономастиканы «тарихи еңбегі» ешқандай архив құжаттарымен расталмаған тұлғаларды ұлықтау құралы етуге болмайды. Қалалар мен көшелердің атауынан халқымыздың төл тарихы көрініс табуы қажет. Біз әдемі жер-су атауларын және халық ішінде кең таралған дәстүрлі атауларды толық пайдаланбай жүрміз. Жекеменшік нысандарға атау бергенде де жүгенсіздік болмауы керек. Кейде қала көшелерінде айтуға ыңғайсыз атауы бар тақтайшалар ілулі тұрады. Креатив деген, әрине, жақсы, бірақ қоғамдық тәртіп және әдеп нормаларын сақтау керек» деген болатын.
Шындығында көшелерге, түрлі нысандарға белгілі бір дәрежеде еңбек еткен атасының, әкесінің немесе ағайындарының бірінің есімін беруді сұраушылар кездеседі. Тіпті кейбір өңірлерде мектепке, мәдениет үйіне, спорт кешеніне бұл салаларда мүлде еңбек етпеген адамның атын сұрайтындарды да естіп жатамыз. Әрине олардың ешқайсысының да елдің өркендеуіне, өз саласының дамуына қосқан үлесіне ешкім шүбә келтірмейді. Десек те қаншалықты еңбек еткенін өз ұрпақтары емес халық бағалағаны дұрыс. Ел экономикасын көтеріп, әлеуетін арттыруға қосқан үлесі зор адамдардың есімін халық ұсынса заңдылық тұрғысынан дұрыс болары сөзсіз. Мемлекет басшысы айтқандай, ономастика заңын жан-жақтан тартқылап, әрқайсысымыз атамыз бен көкемізді ұлықтау құралына айналдырып алсақ, тарихты мансұқтап, тамырдан ажырап қалуымыз мүмкін. Сондықтан көше атын бергенде  ономастика мәселесіне жауапкершілікпен қараған абзал.

Сайлаубек ТЕМІРҒАЛИЕВ,
аудандық мәслихаттың депутаты

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT