Жас ұрпақты тәрбиелеу, олардың құқықтық мәдениетін арттыру және қауіпсіз орта қалыптастыру – қоғам дамуының негізгі басымдықтарының бірі.
Осы орайда «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Атырау қаласының білім бөлімі мен Атырау қаласы прокуратурасы бірлесіп «Үштаған: Бірлескен тәрбие кеңістігі» атты қалалық форум ұйымдастырды. Мақсаты – бала, ата-ана және мектеп арасындағы ынтымақтастықты күшейту арқылы құқықбұзушылықтың алдын алу. Форумға Атырау қаласы полиция басқармасының қызметкерлері мен прокуратура өкілдері қатысып, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың туындау себептері мен заң талаптарын сақтаудың маңыздылығын түсіндірді. Полицейлер кәмелетке толмағандар жиі ұшырайтын құқыққа қайшы әрекеттерді нақты мысалдармен көрсетіп, одан сақтанудың практикалық кеңестерін ұсынды. Мектеп пен отбасының біріккен жұмысы баланың қауіпсіздігі мен дұрыс дамуы үшін шешуші рөл атқаратыны атап өтілді. Мұндай профилактикалық іс-шаралар жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, олардың жауапкершілігін арттыруға және қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздік қағидаттарын нығайтуға бағытталған.
Форум соңында Жас ұстаздар кеңесі дайындаған тәрбиелік қойылым көрсетіліп, шара мазмұнды көрініспен өз жалғасын тапты.



