Атырау облысына жұмыс сапары барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов жергілікті тұрғындармен және қоғамдастық өкілдерімен кездесті,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жалпы 40-тан астам адамды қамтыған жиында вице-министр елдегі әлеуметтік-еңбек саласын дамыту, халықты қолдауға бағытталған жаңа бастамалар және мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары жөнінде кеңінен баяндады.
Кездесу барысында Асқар Биахметов зейнетақы жүйесін жетілдіру, жәрдемақылар көлемін арттыру, мүгедектігі бар азаматтарды қолдау, әлеуметтік қызметтерді цифрландыру және халықты жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше тоқталды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында әлеуметтік-еңбек саласын жаңғырту бағытында нақты шаралар қабылдануда. Атырау облысында 26 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат бар. Оларды қолдау үшін 2025 жылдан бастап қызметтерді лицензиялау, ал 2024 жылдан бері жан басына шаққан қаржыландыру моделі енгізілді. Бұл – көмектің тиімділігін арттыруға бағытталған. Жастарды жұмыспен қамту үшін Enbek.kz платформасы мен «Мансап компасы» сервистері жұмыс істеп тұр. Әрбір жаңа жұмыс орны – халықтың әл-ауқатын арттыруға жасалған нақты қадам. Сондықтан өңірлік жобаларға жан-жақты қолдау көрсетілуде, – деді вице-министр.
Бүгінгі таңда Атырау облысында 29 мыңнан астам көпбалалы отбасы, 4,9 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алады. Балаларға арналған қосымша төлемдер, жүктілікке, бала күтіміне, мүгедек балаларды тәрбиелеуге арналған жәрдемақылар бойынша төлемдер көлемі жыл сайын артып келеді.
Осы жылдың алғашқы маусымында облыста 7,4 мың адам жұмыспен қамтылса, алдағы уақытта 291 адамға жаңа бизнес ашу үшін қайтарымсыз гранттар беру жоспарлануда.
Вице-министр халықты алаңдатқан сұрақтарға жауап беріп, әлеуметтік салада қолға алынатын жаңа реформалар туралы да мағлұмат берді.