Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Адал болған ар-жолда, Күзембаев Абдолла

Әңгімеміздің әлқиссасы

Президентіміз биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, осы салада ебіл-себіл еңбек етіп, маңдайынан маржан тері бұршақтағандарға мойын бұрса, жүрегіміз жылып, көңіліміз толқығаны рас. Өйткені, өзіміз де қара табан, күс қолдардың ұрпағымыз. Көптен көкейде жүрген көрікті ойдың қағаз бетін тауып, оқырманға жетуіне септескен ел бетіне қараған, ауызға ілігер інілерімізге мың сан алғыс. 

Бұл баянымыздың кейіпкері толықсыған тоқсанына толуы қол созым жерде тұрған, туған жердің тау көтерген толағайы, Құрманғазы ауданының Жаңаталап округінен шыққан Құрметті азаматы, пішен дайындаушы бригадирлер арасынан «Құрмет белгісі» орденін жеке дара иеленуші, заманында «Күзембаев» атанған Абдолла Күзембаев ағамыз.

Тоқсан тарау жолдан өткен бұл Әбекеңді Жамбыл ата жасына жетеғабыл деп айтуға көңілі түскір әлі де иланбайды-ақ. Себебі қолымен көзін қалқалап көретіннен, таяғына тіреніп жүретіннен емес, әлі де. Қарабайыр, алқам-салқам тұрпаты, ұрда-жық мінезі, жаны бар адамға еңсесін бастырмайды-ау, шіркін! Көкке шаншылған қарағай бойы тіп-тік, иіліп-бүгілу деген қаперіне де кірер емес. Шақпа тілі, шалт мінезі қайтпаған тоқсандағы бұзық бала осы әйгілі Абдолла Күзембаев. Әзілің асыңқырап бара жатса, ойнаған болып қарыңнан қысыңқырап жіберсе, құйрығың сол бойда қысыла қалады. Қазақтың белі қайыспас қара нарына балаған азаматының бірі де бірегейі. Адам баласы табиғатынан аққа құштар, қара десе, бірден қараулық ойына түскендей шошына қалады. Бірақ қараның да аққа бергісізі бар. Мысалы осы қарақоңыр жүзді Абдолла Күзембаевты ел-жұрты ақпын деп ақталып жүргендердің ешқайсысына айырбас жасамайды. Жүзі қара, жүрегі нұр халық үшін қалтқысыз қызмет жасап, қарапайымдар ортасынан қара үзіп көрмеген қаратау еңселі Абдолла Күзембаев қадірін қашырмаған, адалдық антына қылау түсірмеген, ауыл-аймаққа ақылымен көмегін ұсынған көсем-көке! Ендеше, өмір жолынан парақтап айтқан көп-көп әңгімесінен шым-шымдап сыр үзбекшіміз.

Базары кем балалық шақ

Балалық шақты айтқанда Абдолла ағамыздың қара тау келбетіне мұң бұлты үйіріліп, тұнжырай қалды. Тым алыста қалған қиындығы мол, шаттығы кем, қарны тойып ас ішпеген, ата-ана тірлігіне септесіп жүгірінді болған күндерін ойша парақтады. Бірі есіне түсті, бірі түспеді, қатар-құрбы, достарының да есімдері жадыда көмескілене бастаған. Сегіз жасына толар-толмастан анасы Пакизаның жанынан қалмай қырсық өгіздің бұйдасынан ұстап жетелеп пішен тасысқан. – Жалаң аяғыма тікен кірместей көн қатырған «Қаракөл» деген жерде колхоз шаруасына анамыз екеуміз бірге жегілдік. Нан жоқ, қорегіміз – көк су айран. Сабыров Қадірдің анасы аспаз Күлсекен апайдың жер ошағынан өрт тұтанып, бүкіл маң қызыл жалын құшағына оранды. Сырттан келер көмек жоқ, өзіміз өртеніп кетуге шақ қалдық. Қара өкпе болып жүгіріп, шелектеп су тасып, өрттің алдын орап, орлап өшіріп алдық-ау әйтеуір. Біраз пішенімізді сол қызыл жалын жалмап тынды. Бұл 1944 жылдың мамыр айы еді, - дейді Абдолла ағамыз.

Күзембайдың Абдолласы 1936 жылдың 6-ы қыркүйегінде сол кездегі Батыс Қазақстан облысы, Гурьев округі, Теңіз ауданы, Зормата селолық кеңесінің «Кішкене төбе» аралы деген жерінде «Молотов» колхозының мал бақташылары Күзембай әке мен оның жұбайы Пакизаның отбасында жарық дүние есігін ашқан. «Молотов» колхозының «Сельнай» теліміндегі сиыршы әкеме 9 жасымда көмекші бақташы болып орналастым. Ол күнде көктемді жазға ұластырып, айналаны су басады. Шошайған төбенің үстінде қаламыз. Сиыры түскір тұрмайды. Соған қарамастан терек басынан қарғаның, торғайдың жұмыртқасын теріп, темір ыдысқа салып, қайнатып жеуге уақыт табамын. Бағымымда сауынға қажет жүз аналық сиырым бар. Сондай күндердің бірінде ашыққан қарасан келгірлер жайылма судан жүзіп өтіп, «Қарашауға» аралына өтіп кеткен. Бұл – Ворошилов колхозының жері. Ол кезде өзге колхоздың шабындығына мал түсіру үлкен қылмыс саналады. Жылай жүріп, еріншек бұқаны суға түсіріп, оның құйрығынан ұстап «Қарашауға» жүзіп жеттік. Шүйгін шөпке бас қойған сиырлар өз жағымызға өлсе де өтер ме? Көп әлектендім болмады. Көмекке әкем келіп, екеулеп өткіздік- ау, әйтеуір. Сол күннен бастап «аштан өліп кетейін енді қарғаның жұмыртқасын термеспін» деп ант суын ішкен сөзімде тұрдым» - дейді бала күннің бейнеті есіне түскен Абдолла аға жылы жымиып.

Сарғайған санада – сыныптастары

Абдолла Күзембайұлы Зорматадағы «Гвардеец» аталған бастауыш мектептен бастауыш сыныптарды бітіріп, қалғанын «Борск» телімінде орналасқан Сталин мектебінде жалғастырып, жеті сыныптық білім алған. Айтып отырса, одан әрі білімін жалғастыруға жақын маңда орта мектеп жоқ. Бұлардың ата-анасы малшы болып жүрген «Кіләндік» аралы мен Котяевтегі Крупская мектебінің арасы кемі 13 шақырым. – Құрдасым Темірбек Әділов екеуміз сол 13 шақырымдағы Крупскаяға оқуға бекіндік. Мектепке жету үшін түнде шығып кетеміз. Егер 7-лерде келсек, үйме пішеннің етегіне жатып мызғып аламыз. Таңда Котяевтің базарына барып, бүлініп лақтырылған қарбыз-қауынды қабықтап жеп, өзімізше оразамызды ашамыз. Сөйтіп, 1 ай шамасы оқыдық, - дейді Әбекең аға.

«Гвардеец» бастауыш мектебіндегі сыныптастары сарғайған санасына біржола бекіп қалған. Не деген мықты жады? Көбісі марқұмдар екен. Сабиров Нұрибек, Меңдібаев Бектелеу, Қожанов Ризабек, Қалиев Мұрат, тентек Тобан, тағы басқалары. Сталин атындағы мектепте қазақтың белгілі сыншы қаламгері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Зейнолла Серікқалиевпен бірге оқып, партада қатар отырыпты. Сапарғалиев Әжмағиын, Әбуғалиев Мекеш, Тащанов Минаж, Балабасов Мүтәлиф, Алипов Сақташ, оның апасы, Сақташтан бірер жас үлкен Алипова Әсима, ол уақытта үлкенді-кішілі аралас бірге оқи береді ғой, бәрі бірге оқыпты.

– Әсима ер мінезді қыз еді, балалар одан кәдімгідей ығысатынбыз, өйткені, сұңғақ, қайратты қыздың қолы тисе, біраз уақыт есіңнен кетпейтін. Көбіне сабаққа ауыздығымен алысқан ат мініп келетін. Таза Адайдың қызы еді, ол жарықтық, - деп басқаларының да ерке қылықтарын кейде жадырай, кейде жабырқай есіне алады, әңгіме иесі ағамыз.

ФЗО-дан жалғасқан жол

Крупская орта мектебінде оқып жүргенде ФЗО-ға «Фабрично-заводское обучение» бір балаға сонда оқуға жолдама келеді. Таңдау түскен баланың өкпесінде ақау бар. Темірбек Әділовтің салмағы жетпейді. Күзембаев Абдолла да бәрі қатып тұр, әттең бір айға жасы толмайды. Сау болсын, ол кездерде адамдар бір-біріне қамқор еді ғой. Ганюшкин төлқұжат беру үстеліндегі апай ептеп бір айды қосып, еңгезердей Абдолланы 16 жасқа толтырып жібереді. Есесіне Күзембайдың Абдолласы ФЗО-ны ойдағыдай бітіріп, құрылысқа, т.б. жұмыстарға маманданады.

1955 жылдың қазанында Кеңес армиясы қатарына алынады. ФЗО-да орыс балаларымен бірге оқығанның пайдасынан нан жерлік орысшасы бар. 17 сөтке дегенде бұлар мінген қара пойыз елдің шығысы – Советский Гаваньға жетеді. Морфлот – 4 жыл, құрлық әскері 3 жыл қызмет етуге міндетті ол жылдары. «Сен жігіт таза моряксың, - дейді үлкен шенді командир бұлшық еті білем-білем, еңгезердей Абдолланың түр-сипатына сүйсініп. Бұл болса «ауылда сиыршы-сауыншы болып істейтін қартайған әке-шешем бар, жарды асырауым керек» деп жылап қоя береді. Үлкен шенді құдай деген біреу сірә, «Жақсы сені үш жылдыққа қалдырып, Владивостокке оқуға жіберейін онда» – деп оңай келісе кетеді.

Мұнда Күзембайдың Абдолласы табандаған төрт ай «РТБ – Радиотехническое училище противовоздушной обороны» дегенді үздік оқып бітіріп, «Радист-радиопеленгатор» мамандығын алады әрі Морзе әріптерін жетік біліп үйренеді. Абдолланың армияда да жолы оңынан ашылады. Жаңа заң бойынша теңіздегілер енді үш жыл, құрлықтағылар екі жыл қызмет ететіндігі мәлімделеді. Сөйтіп, Абдолла әскерде екі жыл мерзім болады, бірнеше әскери наградалардың иегері, Кеңес Армиясының үздігі. «Радист-радиопеленгатор» мамандығын күн сайын тапжылмай 8 сағат отырып атқарады. Әуедегі ұшақтар, теңіздегі үлкен корабльдер кімдікі, қайда барады, соны анықтап, әскери басшылыққа хабарлап отыру, Морзе әріптерімен келген бұйрық-нұсқауларды орыс тіліне айналдырып, тиісті басшылыққа жеткізу – жауынгер Абдолла Кузембаевичтің мігірсіз, қамшы салдырмай атқаратын міндеті болатын. Ол армияға Гурьевтен ФЗО-ны бітіріп, №7 Құрылыс монтаждау басқармасында тас қалаушы болып жүргенде алынады.

Зормата селолық кеңесінің төрағасы Зарипов Жұмағали екен, мұны жіберген. Төлжұжаты Владивостоктағы әскери бөлімге конвертпен келіп, мерзімі біткенде жауынгер Абдолланың неге екенін қайдам, өз қолына беріледі. Сол кездегі талапқа сай әскери қызмет етушінің төлқұжаты оның өзіне қолға берілмей басқа да анықтаушы іс қағаздарымен бірге жүруі тиіс екен. 1957 жылдың желтоқсанында әскери мерзімі біткен Абдолла елге емес, бұрынғы жұмыс істеп кеткен орны – Гурьевтегі №7 Құрылыс монтаждау басқармасына маңдай тірейді. Сонда Гурьевке әскери есепке тұрады. Ол кездегі кеңестік қатал тәртіпті айтсаңшы, «төлқұжаты қолында, бұл кім өзі?» сұрағына тиісті орындарға шығып жауабын тапқанша Абдолла Күзембайұлын бір аптаға тұтқындап, камерада ұстайды. Сол өзінің үйреншікті СМУ-ында тас қалаушы болып жүргенінде артынан Молотов колхозының Нысан есімді жүргізушісі айдаған автокөлікпен әкесі іздеп келіп, «Елге қайт, балам, біз қартайдық әбден» деп мұңын шағады. Әке өтінішіне жүрегі езілген Абдолланы «СМУ-7» кадр бөлімінің меңгерушісі, мың болғыр Қаспанова жағдайға түсіністікпен қарап жұмыстан босатады. Бұл 1958 жылдың сәуір айы болатын.

Колхозға келген соң...

Сұңғыла, сымдай тартылған дәу жігіт, ауылға келісімен «мен осыларға жарап қалармын-ау» деген ой жетегімен аудандық байланыс бөліміне, Деркач деген басшысының алдына барады. Оның әскери құжаттарын, қызмет барысындағы мадақтамаларын көрген Деркач мырза көктен тілегені жерден табылып, «Ойбай, сен бізге керек мамансың, айлық табысыңды ренжітпейміз»,-деп жік-жаппар болады. Ал, әкесі, «Қарағым көз алдымда, үйден кіріп-шығып жүрсеңші»,-деп ренжігендей сыңай танытқан соң амал жоқ, алыста болмақ желігі басылып, ертеңіне 1958 жылдың бұйырған бір сәуірі күні Молотов колхозының басқарма төрағасы Зинетолла Мұфтаховтың алдын табады. Әкесі балдызым деп өзі де оған еркелеп, оны да еркелететін парасаты мол, байыпты, сабырлы азамат бұған: «Әй, жиен көп басты қатырмай «Керсе» аралындағы егіншілерге барып, су жіберетін моторға істейсің» деп тікесінен қайырады. Оның «Мен оның тілін білмеймін ғой» дегеніне «Білмесең үйренесің, адам үйренбейтіндей қиын емес» дейді. Сөйтіп, Күзембаев Абдолла валендірлі деп аталатын үлкен ременмен валын айналдыратын, нән доңғалағын қолмен қозғалысқа келтіріп от алдыратын су моторының жүргізушісі болып шыға келеді.

Сарайшықтағы «батя»

«Менің азамат ретінде ат жалын тартып мініп, кейіннен атағымның дүрілдеп шығуына алдымен Алла, қала берді Зинетолла Мұфтахов нағашымның көп септігі тиді» деп жанары жасаурап сол бір әзиз жанды жабырқай еске алса, әрине орынсыз емес екен. Аудандағы үлкен МТС (машина-тракторная станция) тарап, олардағы бар техникалар, яғни әр колхозға 5 трактордан берілген тұста жүргізетін тракторшы кадрларға қажеттілік туындады. Нағашым маған: «Сарайшықтағы «тракторист-машинист широкого профиля» мамандарын даярлайтын 1 жылдық училищеге барып оқып келесің» деді. Келісімімді сұраған жоқ. Бір топ теңіздікпен барып, сабағымды жақсы оқыдым. Қырық рудан құралғанбыз ғой, кейде керілдесіп қаламыз. Жергілікті тентектер де торуылдайды. Бойыма күшім сыймай тұрған жас шағым, ауылдастарға біреу-міреу ұрынар болса сөзге келмей араласып, талқанын шығарып жүрдім. Бұ жағынан да атым шықты. Тапшылық жылдар ғой, қалтамыз жұқа, түнде су бойымен келген кемелерге жалданып, астық, шай, қант, т.б. тауарларды түсіріп ақша табамыз. Теңіздіктерді өзім бастап жүремін. Баршасы мені сүйеу көріп, біреу бірдеңе дер болса «батяға» айтайық деп жетіп келеді. Сөйтіп, училищені қызыл дипломмен бітірдім» - дейді ақсақал Абдолла бүгінде.

Бригадирдің көмекшісі, кейін тракторшы

Абдолла Күзембайұлы машина-трактор жүргізуші маман болып ауылына келген соң мұны берілген 5 трактордың біріне отырғызды әрі бригадир Байдошев Қамидоллаға көмекші бригадирлікке тағайындады. Еңбекақы төлеу тәртібі былай: 5 трактордың тапқан табысының 22 пайызы бригадир Байдошевқа, 17 пайызы көмекші Күзембаевқа берілетін болып шешілді. Бұл жас механизаор Абдоллаға жаман болған жоқ, тапқан табысына көңілі толды, ата-ана қуанды. Бұл жылдары ауданда, елімізде үлкен құрылымдық өзгерістер орнады. 1961 жылы «Еңбекші таң», Молотов колхоздары қосылып, «ХХ Партсъезд» колхозы болып ірілендірілді. Зинетолла Мұфтахов басқарма басқа жоғары лауазымға таңдалып, жаңа колхозға Теміреев Кетебай басқарма болды. Сол 1961 жылы озат тракторшы Абдолла Күзембаевқа бульдозер тракторы сеніп тапсырылды. Еңбекте ерінбейтін қажырлы азаматтың айы оңынан туды. Өйткені түйілген топырақтың әр 80 текше метріне 4 сом 70 тиыннан төленді. Ол таң атқанда бастап жер сүзген алып тракторын түстікте аздап, қас қарайғанда ғана өшіретін. Оның табыстан басы айналса, адал еңбегінің жемісі.

Киров атындағы кеңшарда

1962 жылдың қазан айында Киров атындағы кеңшар құрылып, оның алғашқы директоры Кенжеғалиев болды. Сол жылғы қыс екілене соққан бораны, қатты аязымен есте қалды. Шаруашылықтарға ауыр тиді. Жаңа директор бульдозерші Абдолланы шақырып алып, қыр бойының жолын ашуға жұмсады. Жағдайдың қиын екенін оның қабағына түскен жол-жол қыртыстардан сезінген Күзембаев кесіртке табан тракторымен мына суықта қалай, қашан жетіп боламын қыр бойына деген қауіпті ойлап тұрса да, қарсы келе алмады. Ол қақаған аязда метрлеп қатқан сіре қарды жарып «Ноғайбайға» жеткенше арада апта өтті. Көргені ақ түтек дала, оған көмілген машина – тракторлар. Оларды бір-бірлеп шығарып, айнала маңға жол салу – ертеңнен кешке дейінгі мігірсіз ісіне айналды. Ол сол «Ноғайбайға» 1962 жылы кетіп 1963-тің көктемінде ғана арал бойына оралды.

«Жуан қара». «Рокосовскийдің армиясы»

Іскер де алымды директор Мұғал Наурызбаев Киров атындағы кеңшарды басқарғанда белгілі механизатор Абдолла Күзембаев мал азығын дайындаушылар бригадасына сол 1963 жылдан 1983 жылға дейін басшылық жасады. Директор, ақын Мұқас Наурызбаев жұмсаса жанын кеңіткен інісі жайлы жазған жырын былай деп бастайды: «Баласын Күзембайдың етем мақтан, Он күнде 10 мың тонна пішен шапқан, Сенімді серіктері өзіне сай, Мен емес «әй, бол-бол» деп күштеп жатқан» Ауданның бірнеше дүркін чемпион бригадирі атанған Абдолла Күзембаев сол жылдары серіктері, отряд бастығы Тарих Сарбасов, шабушы Әділ Күзембаев, шабушы Ризабек Қожанов, пішен тартушы Қадір Күзембаев, стогометші Қажеден Мусин, шабушы Нағим Молдағалиев, стогометші Темош Сарнияшев, тасушы Серік Намазов, тасушы Сатау Қыдыршаев, шабушы Сатыбай Сабыров және басқаларымен Есіркеп, Қасқыр түбек, Шошқа арал, Кашар, Керсе, кіші-үлкен Аршын, Күйген, Жайық, Сәрсенск, Золотой, Шошақ, Сельнай, Жәрн Жайық, Жапырық, Қамыс үйген, Түйе қамаған, Наймантұғыл, Бабийдағы алты арал, Кәшін, кіші Кәшін, т.б. өзіне бекітілген аралдардан жыл сайын 20-23 мың тонна сапалы мал азығын дайындап отырды. Сол үшін аудан бригадирлері арасында 30 жастағы Абдолла Күзембаевтың көріктей кеудесіне «Құрмет белгісі» ордені тағылды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып ұзақ жылдар абыройлы жұмыс жасаған Құмар Темірташев оны мал азығын дайындау науқаны кезінде қиын тұстарға тікелей өзі жұмсап отырған. Облыста, республикада өткен түрлі жиын, басқосуларға жанынан тастамай бірге алып жүрген. Отбасылық мерейтойларынан қалдырмаған. Қиналғанда «Жуан қарам» саған, сенің «Рокосовскийдің армиясы» сияқты жауынгер жігіттеріңе сендім, ал жолың болсын, себеп-сылтау айтып, аузыңды ашпа» дейді екен. «Дружба» аралы ашылғанда «Мұны сен бастап шабасың, Абдолла» деп ауданның бес директорын жинап апарып, дастархан жайып, бата беріп шығарып салғаны аңызға бергісіз әңгіме. 1974 жылы «ХХV Партсъезд» кеңшарына қарайтын «Қызөлген» мен «Аэропорт» аралығындағы алқапты тездетіп шауып бер» деп жұмсаған. «Құмеке, менің орындауға тиіс жоспарым, өз жерлерім бар ғой»,-деген Күзембаевқа хатшы: «Облыстық, аудандық партия комитеттерінің мүшесі, республикаға танымал коммуниссің, қарсы сөз айтпай, қараңды батыр» депті мыс. Азғыр өңіріндегі теңіздей толқыған қара бидай егістігін орудағы кешеуілдікті байқаған Құмар Темірташев ауылға келіп Абдолласын шақырып: «Жуан қара», сен аттанбасаң болатын емес, жина Рокосовскийдің армиясын» деп талай жұмсаған екен оны. Жанқиярлық еңбекпен келген абырой Абдоллаға да абырой мен құрмет жанқиярлық еңбекпен келгеніне ел-жұрт куә. 1997 жылы зейнеткерлікке кеудесін орден, медальдармен сыңғырлатып шықты. Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет белгісі» орденінің, «Еңбек ардагері», «Тыңға елу жыл», «Коммунистік еңбектің екпіндісі», «Оныншы бесжылдықтың екпіндісі», «Социалистік жарыс жүлдегерінің» бірнеше төсбелгісі, Құрманғазы ауданының бірнеше мерейтойлық медальдарының иегері, «Мінсіз қызметі үшін» медалінің, «Х.Доспанованың туғанына – 100 жыл», т.б. медальдар, төсбелгілер, Алғыс хаттар, грамоталардың иегері. Әр жылдарда Гиагра, Сочи, Ессентуки, Алма-Арасан, т.б. бұрынғы одаққа белгілі демалыс, емдеу-сауықтыру орындарына жіберілген. Египетке де барып, Мысырдың топырағын басқан. Ніл дариясының бойында, Қара теңізде бауырын төсеп, толқынды жарып жүзген бұл Абдолла. Ер мінезді адам дегеніне жетпей қоймаған. 16 жастағы ғашығы Жаннат Досқалиеваны Ноғайбайдан алып қашып, онда өзі 27 жаста, жар еткен. Бұл 1963 жылдың 22 маусымы екен. Жасы толмаған қызбен бас құрағаны үшін сотталып кету қаупінде тұрғанда Қ.Темірташев, Ш.Алмағамбетов сияқты басшы ағаларының араласымен әупіріммен аман қалған. Биыл маусымның сол күнінде шешемізбен бір көпшікте бастары түйіскеніне тура 62 жыл толмақшы, міне, тойдың көкесі! Бауыр дегенде бір құрсақтан үш ұл, бір қыз өрбіген. Лия қарындасы 23 жасында сағағынан ерте үзілген, гүлдей жанары жастай сөнген. Әділ, Кадір інілері де бұл өмірде жоқ, олардан тараған балалардың барлығына шүкір етеді. Абдолла Күзембаев – тағдырлы, текті әулеттің перзенті – 1934 жылы Маңғыстаудың Үстіртінен аштыққа ұшырап, босып келгендерміз. Адай – Құдайкенің інісінің баласынан тараймыз. Ата – әжеміздің 7 ұлы, 1 қызы болса, қызы сол жақта қайтыс болған. Балаларының үлкені Күзембай Қамиұлы менің әкем. Қами атам Адай көтерілісінің қаһарманы, байдың баласы, Гурьев түрмесінде ит қорлықпен өлтіріледі. Кіші ұл Балапаш 99 жасында өз ажалынан көз жұмады. Әкемнің екі інісі Саудабай, Қалаш Екінші дүниежүзілік соғысқа алынып, хабар-ошарсыз кеткен. Әкемнің бір інісі Сәрсембай Ашхабадта бақилық болған. Әуесбай інісі Астрахан түрмесінде өлген. Кейбірінің ұрпақтарымен туыстық байланысымыз бар, -дейді Абдолла ағамыз әңгімеміздің аяқ тұсында.

Өмірде сүйеу болған, еңбегін бағалаған үлкенді-кішілі азаматтар Зинетолла Мұфтахов, Құмар Темірташев, Мұқан Назиров, Мұғал Наурызбаев, Асқар Нұрғалиев, Мақсот Сәрсенов, Қалыбай Сүйінішев, Кетебай Темірешов, Тұрар Құрманғалиев, Таңатар Досаев, Бақтыгерей Ахметқалиев, Еркін Таңатарұлы, Асқар Ғұмаров, т.б. азаматтарды есіне алып, жайдары жүзіне бұлт үйірілді, жанары жасаурады. Бір кезек ол белгілі баһадүр батыр, қайсар партизан Қасым Қайсеновке ұқсап кетті.

Тоқсаныңа аман жет, тектілердің соңғы тұяғы Абдолла Күзембаев!

 

Таңатар Дәрелұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшес

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT