Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

ВЕТЕРИНАРИЯ – СҰРАНЫСЫ ЖОҒАРЫ САЛА

Еліміздің аграрлық саласын дамы­туда еңбек адамдарының рөлі ерекше. Ауыл тіршілігінің күретамыры – мал шаруашылығы десек, осы саланың тыныс-тіршілігіне жан бітіріп тұрған маңызды мамандықтардың бірі – ветеринария. Бұл сала – мал денсаулығының ғана емес, халықтың азық-түлік қауіпсіздігінің де кепілі. Осындай жауапкершілігі зор кәсіпті ауылдан шыққан азамат Нұрболат Алпысбаев абыроймен атқарып келеді.

Махамбет ауданына қарасты Ақжайық ауылында туып-өскен Нұрболат бүгінгі таңда елді мекен тұрғындарына ең қажетті ма­ман – ветфельдшер болып еңбек етуде. Ол 2016 жылы Оңайбай Көшеков атындағы Атырау аграрлы- техникалық колледжін бітіріп, сол жылы әскер қатарына аттанады. Отан алдындағы борышын өтеп келген соң көп ұзамай туған ауылына оралып, жергілікті ветстанцияға жұмысқа орналасады.

– 2017 жылы әскерден келісімен бірден өз ауылымдағы ветстанцияға жұмысқа орналастым. Содан бері 8 жылдан бері осы саладамын. Жылы­на екі рет әр малдан қан алып, түрлі ауруларға қарсы екпе жасаймыз. Ауырған малға шақырту түссе, иесіне көмектесіп, ем-домын жасай­мыз. Қазір жұмысымыз физикалық тұрғыдан ауыр, иесі көмектеспеген жағдайда малдың өзін де өзіміз ұстауға тура келеді,- дейді Нұрболат күнделікті жұмыс барысын баяндап.

Мал дәрігерінің қызметі – тек екпе салып, қарапайым ем жасаумен шектелмейді. Олар – төрт түліктің амандығын сақтап, ауыл халқының басты күнкөріс көзіне айналған шаруашылықтың тұрақты дамуына үлес қосып жүрген мамандар. Вете­ринария тек тәжірибелік сала емес, ғылымға негізделген, үнемі даму мен қырағылықты талап ететін кәсіп. Бүгінде ауыл жастары қалаға кетуді көбірек қалайды. Алайда Нұрболат ауылда жүріп-ақ өз орнын тауып, қоғамға шынайы пайда келтіруге болатынын дәлелдеп отыр.

– Бұл мамандықты таңдауыма сенім себеп болды. Кішкентайымнан мал бағып өскен соң жануарларға жақын болдым. Әкем де малшыларға жиі көмек көрсететін. Мамандық таңдаған кезде әкем мені бірден қолдады. Ауыл жастарына айтарым - ештеңеден қорықпаңыздар. Өз қалауларыңызды кейінге ысырып жүрмеңіздер. Ауылда да үлкен мүмкіндіктер бар. Мал дәрігерлігі – сұранысы жоғары сала. Қазір көп қалалықтар ауылға көшіп жа­тыр, себебі мұнда таза ауа, кеңдік пен тыныштық бар. Бұл – үлкен артықшылық, – деп жастарға кеңес айтты ол.

Ауылдық жерде еңбек ететін жұмысшы мамандықтардың, әсіресе ветеринарлардың ел өміріндегі маңызы зор. Нұрболат Алпысбаевтың еңбек жолы – бүгінгі жастарға үлгі боларлық өмір. Ол – ауылдан шыққан, білім алып, туған жеріне қайта оралып, ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген нағыз еңбек адамы.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT