Жылыой ауданы Құлсары қаласының тұрғыны Талғат Жайтуғанов — “KazGlobalSolutions” ЖШС қарапайым электриктен супервайзерге дейін көтерілген еңбек адамы. Ол Теңіз кенішінде он жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді.
— Теңіз кен орнына 2015 жылы жұмысқа келдім. Бұған дейін бірнеше жыл «Қазақстан темір жолы» компаниясында істедім. Кейін Теңіздегі «Мако» ЖШС-де еңбек етіп, одан соң «Құлсарыгаз» мекемесінде (қазіргі “KazGlobalSolutions” ЖШС ) электрик болып жұмысқа тұрдым. Қазір супервайзер қызметін атқарамын. Бастысы — еңбектену мен шыдамдылық. Талпынсаң, өсуге болады, — дейді ол.
Талғаттың еңбек жолы қарапайым болғанымен, табандылық пен адалдықтың үлгісі. Ол алдымен электрик, кейін шебер, электр тобының жетекшісі, ал бүгінде супервайзер.
— Жұмыс барысында көп нәрсе үйренесің. Әр адам өз ісіне жауапкершілікпен қараса, еңбегі міндетті түрде еленеді. Мен Үшінші буын зауыты жобасында еңбек еттім — ел экономикасына үлес қосқаныма мақтанамын, — дейді ол.
Теңіз жобасында жұмыс істеу оңай емес, бірақ шын ниетпен ізденген адамға жол ашық дейді Талғат.
— Кейбіреулер «жәрмеңкелер өтірік ұйымдастырылады, бәрі алдын ала шешіліп қойған» дейді. Бірақ мен олай демес едім. Өзім жұмысымды еңбек жәрмеңкесі арқылы таптым. Құжаттарымды тапсырдым, сұхбаттан өттім — бәрі әділ өтті. Мүмкіндік бар, тек пайдалануды білу керек. Егер ниет болса, екі қолға бір күрек табылады. Мақсат қойсаң — жетесің. Мен әлі де қызмет бабында өсетініме сенемін, — дейді ол.
Талғаттың айтуынша, Теңізде еңбек етіп жүрген жерлестері де осындай пікірде.
— Жылыойдың түкпір-түкпірінен келген әріптестерім бар. Кездесіп, сөйлесіп тұрамыз. Әлеуметтік желіде «жергілікті жастарға жұмыс жоқ» деп жазатындар бар. Бірақ егер білімің мен талпынысың болмаса, тұрақсыз болсаң, ешбір мекеме ұзаққа ұстамайды. Теңізге де, басқа жерге де, — дейді ол.
Тұрақты жұмыстың арқасында Талғат өз өмірін түбегейлі өзгертті.
— Бұрын қиын кезеңдер болды: қарыз, тұрмыстық қиындықтар. Ал қазір, шүкір, бәрі артта қалды. Қарызымды жаптым, көлік сатып алдым, Құлсарыдағы жаңа үйге көштік. Теңіз — менің өмірімді өзгерткен мектеп, — дейді ол.
Бүгінде Талғат 34 жаста. Ол жастарға сенім мен табандылық тілейді:
— Жұмыс табу қиын емес, егер ізденсең. Тек өзіңе сеніп, еңбектену керек. Менің жолым — соның дәлелі. Теңіз тек табыс көзі емес, ол өмір мектебі, — дейді ол.
Қорытындысында Талғаттың бір сөзі бәріне сабақ болардай:
«Талпынсаң, бәріне қол жеткізуге болады. Ал егер өзің сенбесең — ешкім сен үшін талпынбайды».


