Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Салық тексерісін тежеу: Мүмкіндік пен мәселе

АСТАНА. KAZINFORM – Президент пәрменінен кейін Үкімет елдегі бірқатар салық-бюджет реформасын қайта қарағанын білеміз. Соның ішінде бизнес секторын аяққа тұрғызу үшін салық саласында жаңа бетбұрыс пайда болды. Ол – шағын және орта кәсіпкерлікті үш жыл салықтық тексеріс пен камералық бақылаудан босату. Kazinform тілшісі мұндай шешімнің себебі мен алдағы нәтижесіне үңіліп көрді.

Үш жыл: аз ба, көп пе?

Жаңа Салық кодексі күшіне енетін күн жақындаған сайын кәсіпкерлердің үні көп естіле бастағаны рас. ҚҚС-ны көтеру, жекелеген салық режимдерін алып тастауға қарсылық ұлғайды. Сондықтан өзгерісті бірдең қолданысқа қоспай, бизнеске біртіндеп бой үйретуге мүмкіндік беріп отыр. Ол үшін алдымен шағын және микробизнес өкілдеріне қатысты алдыңғы жылдардағы салық тексерістерінен бас тарту туралы шешім қабылданды. Алдағы уақытта да уақытша тексеріс пен камералық бақылау жасалмайды.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, бұл қадам кәсіпкерлерге жаңа ережелерге бейімделуге мүмкіндік береді.

– Біз 1 қаңтардан бастап жаңа өмірді таза парақтан бастаймыз. 2023, 2024 және 2025 жылдарға тексеріс жүргізілмейді. Шағын бизнес үшін бұл – үш жылдық талап қою мерзіміне тең уақыт. Сондай-ақ камералдық тексерістер, есептіліктерді салыстыру немесе басқа дереккөздермен сәйкестендіру шаралары да жасалмайды. Бірақ бір ерекшелігі бар – резидент еместердің табыстары бұл тәртіпке кірмейді, – деді Біржанов Мәжіліс кулуарында.

Аталған жеңілдіктің игілігін қанша кәсіпкер көреді? Қазір Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерліктің саны 2,38 миллионға жетті. Ішінде нақты жұмыс істеп тұрғаны – 2,18 миллион. Бұл – аз көрсеткіш емес әрі экономиканың негізгі тірегі. Мысалы, биыл ШОБ-ның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 39%-ды құрады: шағын бизнес – 32%, ал орта бизнес – 7%. Демек, бұл сегменттің дамуы экономикалық-әлеуметтік тұрақтылықтың бірден-бір кепіліне айналып отыр.

Экономист Бауыржан Ысқақовтың сөзінше, бизнесті салықтық тексерістен босату кәсіпкерлер арасындағы бәсекені артырып, өңірлердің даму динамикасына оң серпін бермек.

– Тексерісті тежеу – кәсіпкерлік белсенділікті қолдауға жасалған маңызды қадам. Басы артық тексерістен арылған азаматтар жаңа жұмыс орындарын құрып, жергілікті дамуды жеделдетеді. Оған қоса тексерудің уақытша тоқтатылуы кәсіпкерлерге әкімшілік қысымнан құтылуға мүмкіндік береді. Тұрақты бақылау болмағаннан кейін алаңсыз өз ісін дамытуына жол ашылары анық, – дейді Бауыржан Ысқақов.

Сарапшы кәсіпкерлер жиі кезігетін бірнеше мәселені де атап өтті. Айтуынша, бұрын жиі тексеріс пен әртүрлі қағазбастылықтар кәсіпкерлердің уақытын да, қаржысын да тежейтін. Енді үш жыл ішінде олар өнім сапасын арттырып, өндірісті жаңартуға және қызмет аясын кеңейтуге күш салатын болады. Бұл бизнеске тыныс беріп, жаңа жобалардың, стартаптардың көбеюіне серпін бермек. Бастысы, бұл мүмкіндікті кәсіпкерлер дамуға, локализацияны арттыруға, басқа кәсіпкерлермен бәсекеге түсуге арнауы қажет.

3 жылда жас кәсіпкерлер саны 12 пайызға артты

Кейінгі 3 жылда елдегі жас кәсіпкерлер саны 12 пайызға өскен. Яғни, жастар кәсіпке бет бұруда. Экономика өсімге көшіп, салық дейгейі көтерілді. Биылғы 9 айдағы көрсеткішке көз тастасақ:

Салықтық түсімдер – 9,95 трлн теңге;

Корпоративтік табыс салығы – 2,9 трлн теңге;

Қосылған құн салығы – 4,3 трлн теңгені құраған.

Жалпы Қазақстандағы жеке кәсіпкерлер саны 1,9 миллионға жетті деген дерек бар, олардың 95%-ы белсенді. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 6,1%-ға жуықтады. Экономиканың ең икемді сегменті есебінде олар түрлі саланы дамытып отыр. Басым дені сауда (36,4%), ауыл шаруашылығы (13,4%), өзге қызметтерде (15,5%) жүр. Қысқаша айтқанда, жеке кәсіпкерлердің үштен екі бөлігі аталған салаға шоғырланған.

Міне, осындай ауқымда бағытқа салықтық жеңілдіктер ұсыну орынды. Келер жылдан бастап бастап шағын және орта бизнес өкілдері камералдық бақылаудан да арылмақ. Бұл – жаңа салық кодексіндегі жеңілдіктің бірі.

– Салық нысаналары 30%-ға қысқарады. Салық түрлері 20%-ға қысқарып отыр. Одан кейін нысананы уақытылы тапсырмаса да айыппұлдардан босатып жатырмыз. Бақылау функцияларын азайтып, көбіне көмек көрсету, кеңес беру функциялары ұлғайтылады, – деді Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

Ережедегі ерекшеліктің бірі, енді кәсіпкер келер жылдың 1 сәуіріне дейін негізгі салық қарызын төлесе, оған салынған өсімпұлдар мен айыппұлдарды төлеуден босатылады. Алайда еш бақылау болмайды деген орынсыз. Мамандар қылмыстық іс қозғалса немесе салық төлеушінің өз сұрауы бойынша тексеру жүргізуге құқылы.

Аңғарғанымыз, кәсіпкердің бұрынғы берешегі болса әрі оны қайтарса, айыппұл мен өсімпұл алынбайды. Ал салық берешегін өндіру берешек мөлшеріне қарай өзгеретін болады:

  • 20 АЕК-ке дейінгі берешек болса – тек хабарлама жіберіледі;

 

  • 45 АЕК-ке дейін – берешекті өтеу туралы ескерту беріледі;

 

  • 45 АЕК-тен жоғары болса – мүлікті тәркілеу және сату рәсімі басталады.

Экономист Бауыржан Ысқақов нарықтағы еркіндіктің экономикаға теріс әсері де болуы мүмкін екенін жасырмады.

– Әрине, камералық бақылау жасамаудың тәуекелдері бар. Кейбір кәсіпкер табысын жасырып, көлеңкелі айналым артуы мүмкін. Мұндай жағдайда салық түсімдері азайып, әділ бәсеке бұзылуы ықтимал. Бақылаусыз нарық адал кәсіпкерлерге кедергі келтіріп, салық тәртібін бұзуы ғажап емес.

Дегенмен басты мақсат – бизнесті қорғап, сенімге негізделген ашық экономикалық орта қалыптастыру. Сол себепті өзгерістен қорықпай, экономиканың тұрақты әрі әділ дамуына жол ашуымыз керек, – деді сарапшы.

Кейінгі жылдары мемлекет салық жүйесін цифрландыруға көшкен. Кәсіпкерлерге салықтық тексеріс пен камералық бақылау жасалмағанымен, қадағалау қолдан кетпейді. Жауапты министрліктің сөзінше, қазір салықтағы цифрландыру профилактикалық шаралар бағытталып отыр. Мысалы, Қазынашылық комитетіне дұрыс аударым жасалмаса немесе бір қызметкерге жоғары жалақы жіберілсе, оны электронды түрде қарап, төлемдер өткізілмеуге қауқары бар.

Жеке кабинет – цифрландыру алғышарты

Реті келгенде Жаңа Салық кодексінен тағы бір тінді тарқата кетейік. Жаңа кодекс қолданысқа енсе, кәсіпкерлердің банк шоттарын автоматты түрде бұғаттау болмайды. Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, автоматты бұғаттаудың орнына алдын ала камералдық тексеру форматы енгізіледі. Осылайша, кәсіпкерлерге кедергі келтірмей кемшілікті уақтылы түзетуге таптырмас жол болмақ.

– Дегенмен мәселе тексеруді тоқтатуда емес, оны жаңа форматқа көшіруде. Қазір әлемде цифрлық бақылау жүйелері дамыған. Кәсіпкерлік бағытында кең қолданылады. Онлайн фискалдық деректер, автоматты салық талдауы, тәуекелдерді болжауға арналған Big Data-ны қолдау белең алды. Мұны біздегі салық жүйесіне икемдеу өте маңызды, – деді Бауыржан Ысқақов.

Малый и средний бизнес — основа цифрового прорыва Казахстана

Сондықтан мемлекет цифрландыру реформасы шеңберінде салық төлеушілермен өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшіп жатыр. Құжаттарды сұрату, түсініктеме мен есептерді тапсыру секілді рәсімдер толық онлайн жүргізіледі. Мұны салық төлеуші жеке кабинеті арқылы жасауына болады.

– Қарастырылған өзгерістер кәсіпкерлердің жұмысын едәуір жеңілдетеді. Салық есептілігін азайту және салықты азайту бизнеске қағазбастылыққа емес, дамуға назар аударуға мүмкіндік береді. Шоттарды автоматты түрде бұғаттаудан бас тарту – әділ және ашық қарым-қатынасқа қарай жасалған маңызды қадам. Мемлекет компаниялардың жұмысын тоқтатудың орнына мәселені шешуге көмектеседі. Мұндай шаралар мемлекет пен кәсіпкер арасындағы диалогты нығайтып, қолайлы инвестициялық ахуал туғызады, – деді Мәди Такиев.

Реформа мұнымен бітпейді. Енді жоспарлы салық тексерулері, кенет тексеру болмайды. Тек акт тапсыру кезеңінен басқа барлық процесс электронды форматқа ауысатын болады.

Қорыта айтсақ, Үкіметтің экономикалық шешімдері кәсіпкерлерге біршама қолдау болғалы тұр. Ал жаңа жылдан бастап күшіне енетін Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді айтарлықтай жеңілдетеді. Нәтиженің қалай құбылары бизнес өкілдеріне түсіндірме жұмысының қалай ұйымдастырылатынына байланысты айқындалмақ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Республика күні

AQPARATPRINT