Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет білімнен, тәрбиеден және қандай да бір әрекеттерден басталады. Бұл – әрбір қазақстандықтың қалауымен жасалатын борыш әрі міндет. Рәміздерді құрметтей білу - елге құрмет екені анық.
Осы орайда Мемлекет басшысы Сыр өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында мемлекеттік рәміздерді қадірлеуге қатысты да сөз қозғады. Онда ол:
«Кез келген жағдайда патриотизмді нығайтуға тырысу қажет және мемлекеттік символиканы – туымызды, елтаңбамызды, көліктерде, үйлерде, көшелерде және елімізде немесе шетелде өтетін спорттық және басқа да іс-шараларда дұрыс пайдалану маңызды. Көк туымыздың желбіреп тұрғанын көргенде ерекше қуаныш сезіледі. Бұл арқылы еліміздің азаматтарының бірлігі мықты, ұлт ретінде тұтас екеніміз айқын көрінеді. Осындай әрекеттер олардың туған елін мақтан тұтатынын көрсетеді. Қазір қоғамда Қазақстанның мемлекеттік туын қалай және қашан қолданамыз деген маңызды мәселе талқыланып жатыр. Бұл мәселе арнайы нормалармен және ережелермен реттеледі. Мемлекеттік рәміздерге жеңіл-желпі, салғырт қарауға болмайды. Заң талабы әрдайым орындалуға тиіс. Дегенмен, ең алдымен заңның түпкі мәнін терең түсіну керек. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, оларды жөнімен пайдаланатын отаншыл азаматтарды әрқашан қолдау қажет» деді.
Расында, мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеу әрбір азаматтың елге деген мақтаныш пен бірлігін айшықтайтын көрініс. Мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау – әр азаматтың парызы ғана емес, заңмен бекітілген жауапкершілігі. Бұл – еліміздің тұтастығына, тәуелсіздігіне және болашағына деген құрмет.
Асқар АҚТАЕВ,
аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы



