Бүгін Қызылорда қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтіп, онда еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік және рухани болмысын өзгерту бағытында маңызды мәселелер көтерілді.
Дегенмен Ұлттық құрылтай отырысында негізгі тақырып бір палаталы Парламент құру бағытында болды. Бұл туралы Президент өткен жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да айтқан болатын. Жалпы өткен жылы қазан айында Мемлекет басшысының өкімімен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылған еді. Құрамында белгілі заңгерлер, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар жұмыс тобының мүшелері қазір бұл бағытта өз қызметін атқаруда. Сондай-ақ өз сөзінде Арал теңізі мәселесіне тоқталған Мемлекет басшысы «Арал мәселесін қозғамау мүмкін емес. Арал теңізін құтқару бүкіл адамзат үшін әлі де аса маңызды міндет болып отыр. Қазақстандағы ірі өзендердің көбі бастауын көрші мемлекеттерден алады. Сондықтан көп түйткілдің шешімі су саласындағы шебер дипломатияға байланысты» деп бұл мәселені шешуге халықаралық қауымдастықты тартудың маңыздылығын атап өтті. Бұдан бөлек автокөлік жолдарын халықаралық стандарттарға сай жаңғырту – елдің транзиттік әлеуетін арттырудағы айрықша міндет екенін мәлімдеген Мемлекет басшысының айтуынша, биыл Қазақстанда бұрын-соңды болмаған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар басталады. Қазақстанның батыс пен шығыс арасындағы транзит дәлізі ретіндегі рөлі артып, облыстар арасындағы көлік байланысы барынша жақсарады. Жақында «Қызылорда-Жезқазған» жолының Қызылордаға тиесілі бөлігі салынып бітсе, жыл соңына дейін жалпы ұзындығы шамамен 400 шақырым болатын Ұлытау облысындағы бөлігінде көлік қозғалысы толық ашылады. Сонымен қатар биыл «Қызылорда-Ақтөбе» жолын кеңейту жұмысы және «Бейнеу-Сексеуіл» тас жолының құрылысы басталады. Бұл жобалар Қазақстанның халықаралық көлік-логистика орталығы ретіндегі әлеуетін мейлінше нығайта түседі Әрине жол экономиканың күре тамыры болып саналады. Сондықтан автожолдарды жаңғырту жұмыстары — халық үшін аса маңызды. Бұл бағытта ауданда да көптеген жоба қолға алынып, жүзеге асырылуда. Бұл жобалар аяқталып, іске қосылғанда ауданның әлеуметтік-экононмикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Қайырбай ЕРЕКЕНОВ,
Еңбек ардагері



