Бүгін сыр өңірінде Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті. Онда қоғамдағы өзекті деген мәселелерге назар аударылып, ел дамуына қатысты тұшымды пікірлер сөз болды. Бұл құрылтайдың ерекшелігі тек бір бағытта емес, жалпы елдің даму бағыты талқыланды.
Бес жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан Ұлттық құрылтайдан күтеріміз көп. Өткенге бағдар жасап, алдағы күнімізге жоспар құрып отыру керектігі айтпаса да түсінікті дүние. Жыл басының осындай маңызы зор отырыспен басталуы да тегін емес. Құрылтайда көтерілген су мәселесі де еліміз үшін өзекті жайт. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Су – еліміз үшін стратегиялық ресурс. Біз су мәселесімен жүйелі түрде айналысуымыз керек. Қазақстандағы ірі өзендердің көбі бастауын көрші мемлекеттерден алады. Дарияның басында тұрған елдердің су саласындағы саясатына байланысты Сырдың суы теңізге әр кезде әртүрлі көлемде жетеді.Демек көп түйткілдің шешімі су саласындағы шебер дипломатияға байланысты. Қазір Орталық Азия елдерінің бәрімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жасалды. Түптеп келгенде, Арал ғана емес, Каспийдің, Балқаштың, Ертістің тағдырын шешу үшін көршілермен мәмілеге келіп, келісімдерге қол қоюымыз қажет» деді.
Су – біздің өңір үшін де өзекті. Ойыл өзенінің осыдан үш-төрт жыл бұрын арнасы тартылып қиындық келтірсе, соңғы жылдары арнасынан тасып ауданды әбігерге салды. Осы орайда келген суды тиімді пайдаланып, жайылымдық жерлерге шығару қажет. Осы бағытта жұмыстар жасалып жатыр. Десе де әлі де болса осы жайтқа басымдылық беру қажет деп ойлаймын.
Есенбай НҰРОВ,
аудандық мәслихат депутаты



