Қызылорда қаласында күні кеше өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында келелі мәселелер көтеріліп, ұсыныстар айтылды. Алғашқы төрт құрылтайда да мемлекет үшін, ұлтымыз үшін көптеген пайдалы мәселелер қаралып, жүзеге асқан болатын.
Кешегі құрылтайда тазалықтың мәні мен мағынасы жайында сөз қозғаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан – әдемі ұран да, науқан да емес, бұл – күнделікті қажырлы еңбектің нәтижесі. Тазалық тәртіпті күшейтеді, ал тәртіп жауапкершілікті арттырады. Осы маңызды тұжырымды ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Біз сонда ғана нағыз өркениетті және ілгері қадам басушы озық ел боламыз» деп қоршаған ортаның тазалығын сақтау әр адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші екендігін атап өтті. Өте орынды. Тазалық әр табалдырықтан, әрбір ауладан басталады десек оған әр отбасы атсалысуы қажет. Өткен жылы Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында әр ауылдық округте апта сайын ұйымдастырылған сенбілікте ауыл көшелерін шашылған тұрмыстық қалдықтарды тазалау, өсіп кеткен арамшөптерді қырқу, қураған ағаштарды кесу жұмыстары жүргізіліп, жас көшеттер отырғызылды. Сондай-ақ мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағдарының бірі ретінде мәдениет пен өнер саласын атап өткен Мемлекет басшысы «Біз руханият мәселелеріне айрықша мән береміз. Бұл салада бұрын-соңды болмаған ауқымды шаруалар қолға алынады. Атап айтқанда, Алматы облысында қазақ драма театры, Абай, Ақтөбе облыстарында театрлар бой көтереді. Шымкентте де Опера және балет театрының құрылысы басталмақ. Музей ісін дамыту да маңызды міндеттің бірі» деді. Бұл бағытта ауданда да біраз игілікті істер атқарылуда. Мәселен үш жылдай бұрын Тасшағыл ауылында 300 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілсе, бүгінгі таңда Мұқыр ауылында 400 орындық, Қарабау ауылында 300 орындық мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Миялы ауылынан 500 орындық мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары басталды. Сонымен қатар Тайсойған ауылынан шығармашылық орталық салу үшін мердігер анықталса, Жангелдин ауылынан жаңа мәдениет үйінің құрылысын салу жоспарлануда. Міне мұның бәрі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауылдық жерлерде мәдениет пен өнер ошақтарын дамыту бағытындағы игі істердің нақты көрінісі. Жалпы бесінші Ұлттық құрылтай пікір мен шешімнің тоғысқан алаңы болды.
Сағидолла ЯҚЫП,
Мәдениет қайраткері



