АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік жәрдемақылармен, сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан баланы босануға және бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалпы сомасы 806,8 млрд теңгені құрайтын төлемдермен 565,7 мың адам қамтылды, деп хабарлайды Еңбекмині баспасөз қызметі.
Ал бала туғанда берілетін жәрдемақыны 2025 жылы республикалық бюджеттен барлығы 61,1 млрд теңге сомасында 338 мың адам қамтылды, оның ішінде желтоқсан айында 4,7 млрд теңге сомасында 25,9 мың адам алды. Бұл жәрдемақыға бала туған, асырап алған, сондай-ақ қамқорлыққа алған балалары бар еліміздің азаматтары, қандастар, сондай-ақ Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер үміткер бола алады.
— Балаға күтім жасайтын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылмаған жағдайда туған, асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа алған балалары бар, егер олар басқа ата-ананың отбасында ескерілмесе, өгей балалары бар адамдардың (отбасылардың) бала күтіміне байланысты жәрдемақы алуға құқығы бар. Есепті кезеңде 1,5 жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша жәрдемақымен 44 млрд теңге сомасына орта есеппен 125,3 мың адам қамтылды, оның ішінде желтоқсан айында 3,8 млрд теңге сомасында 128,9 мың адам алды, — делінген хабарламада.
Бала тууына және бала күтіміне арналған мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына бекітілген айлық есептік көрсеткішке (бұдан әрі — АЕК) байланысты белгіленеді.
2025 жылы бала тууына арналған жәрдемақы мөлшері:
— бірінші, екінші, үшінші балаға — 38,0 АЕК немесе 149 416 теңге;
— төртінші және одан кейінгі балаларға — 63,0 АЕК немесе 247 716 теңгені құрады.
Бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы ай сайын келесідей мөлшерде төленді:
— бірінші балаға — 5,76 АЕК немесе 22 648 теңге;
— екінші балаға — 6,81 АЕК немесе 26 777 теңге;
— үшінші балаға — 7,85 АЕК немесе 30 866 теңге;
— төртінші және одан кейінгі балаларға — 8,90 АЕК немесе 34 995 теңге.
Бұдан басқа жұмыс істейтін азаматтарға жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылған жағдайда МӘСҚ-тан төленетін әлеуметтік төлем жүктілігі және босануы бойынша берілген демалыстың барлық күніне тағайындалады. Төлем мөлшері жүктілігі және босануы бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағы берілгенге дейінгі соңғы 12 ай ішінде МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кіріске және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты болады.
Аталған біржолғы төлемді 2025 жылы жалпы сомасы 276,2 млрд теңгеге 200,8 мың адам алды, оның ішінде желтоқсан айында 16,3 млрд теңге сомасында 17,1 мың адамға берілді. Есепті кезеңде тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 1 415 135 теңгені құрады.
Сондай-ақ МӘСҚ-дан бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша ай сайынғы әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға баланың туған күнінен бастап тағайындалады. Төлемнің мөлшері соңғы 2 жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кірістің 40%-н құрайды. Екі және одан да көп бала туған жағдайда төлем әр балаға жеке тағайындалады.
2025 жылда бұл төлем 425,5 млрд теңгеге 239,6 мың адамға тағайындалды. Оның ішінде желтоқсан айында 16,4 мың алушыға тағайындалған төлем сомасы 33,1 млрд теңгені құрады. Есепті кезеңде төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері 85 993 теңгені құрады.
Осыдан бұрын Еңбек министрлігі арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін кейбір ұйымдар үшін жаңа стандарттарды енгізетіні белгілі болды.



