Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Реформа: Жеңілдетілген салық режимінің ауыртпалығы қандай

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 2 миллионнан астам кәсіпкердің 1,7 миллионы жеңілдетілген салық режимінде жұмыс істейді. Жаңа салық кодексін әзірлеу барысында осы режимді қолданыстан алып тастау идеясы бірнеше рет көтерілген еді. Кейін Қаржы министрлігі оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдау үшін 44 қызмет түрін ғана тыйым салынған тізімге қосты. Мұндай шешімге не түрткі болды, кәсіптің келешегі қалай болмақ? Kazinform тілшісі мәселені жан-жақты талқылады

Шағын кәсіпке жеңілдік сақталады

Жаңа жылдан бастап кәсіпкерлердің еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беріліп, тексеріс жүргізілмейді. Шағын және орта бизнес өкілдері камералдық бақылаудан алынып тасталады. Сенат депутаты Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, бұдан өзге де өзгерістер бизнестің еркін дамуына мүмкіндік беріп, кәсіпкерлердің қаржылық жүктемесін азайтады.

– Жеңілдетілген салық қолынан іс келетін, бірақ қалтасы жұқа кәсіпкерге арналған. Үй маңындағы дүкен, шаштараз, шеберхана, шағын дәмхана – соның бәрі сол режиммен күнін көріп келді. Бірақ жылдар өте бұл жеңілдікке алыптар да кіріп алды. Көтерме сауда, құрылыс, кеңес беру, IT – миллиардтар айналып жатқан салалар «шағын бизнес» атын жамылды. Енді Үкімет бәрін жүйелегелі жатыр. Жеңілдетілген салықты, шын мәнінде, шағын кәсіпке қайтару – басты мақсат, – дейді сенатор.

Қарапайым тілмен айтқанда, үй жөндеу, терезе орнату, сырлау, шатыр жабу секілді тұрмыстық қызметпен айналысатындар үшін жеңілдетілген салық тәртібі сол күйінде қалады.

– Халықпен тікелей жұмыс істейтін дүкендер, базарлар, дәмханалар мен дәріханалар сол бұрынғы қарапайым салық жүйесінде қала береді.Нәзік салалар назардан тыс қалмады. Балабақшалар, спорт пен өнер үйірмелері, тіл курстары сол қалпында жеңілдетілген жүйеде жұмыс істей береді. Өйткені бұл қызмет түрлері әр отбасының өмір сапасына тікелей әсер етеді.Салық жеңілдігі – бұл жолы тек экономикалық емес,әлеуметтік қамқорлықтың белгісі.

Ауылдағы ағайын да енді еңбегінің жемісін көбірек көруге мүмкіндік алады. Шаруа қожалықтары мен фермерлер бұрынғыдай жеңілдетілген салық жүйесінде қала береді. Ал бірыңғай жер салығы олардың мойнындағы ауыртпалықты жеңілдетпек.

Шығармашылықтың да өз нарығы бар. Кино мен музыка, дизайн мен сурет, мәдениет пен өнер – бұлардың бәрі халыққа рухани азық береді. Сондықтан креативті бағыттардың көбіндежеңілдетілген жүйе сақталды. Бұл мемлекеттен жастарға, өнер адамдарына жолданған сенім сигналы деуге болады, – дейді депутат.

Жеңілдетілген салық режимінде кәсіпкерлер табысының 2-4 пайызы ғана салық ретінде төленеді. Бұл жүйеде есеп беру де жеңілдетілді, оны жарты жылда бір рет тапсыру жеткілікті. Экономист Айбар Олжаевтың пікірінше, жеңілдетілген салық режимі – ең тиімді салық формасы.

– Алдағы уақытта бұл салық режимі жойылса, қызмет көрсету саласы айтарлықтай қиындыққа тап болады. Сондықтан үкімет бұл режимді жоюға қадам жасамайды деген ойдамын. Сонымен қатар жеңілдетілген салық жүйесі - еліміздегі шағын және орта бизнестің негізгі тірегі, – дейді экономист.


B2B секторын не күтіп тұр?

Жаңа Салық кодексі шағын және орта бизнес үшін арнайы салық режиміндегі артық шектеулерді алып тастайды. Енді тыйым салынған қызмет түрлерінің саны 795-тен 44-ке дейін қысқарады. Экономист Айбар Олжаевтың айтуынша, 2000 шаршы метрден асатын дүкен иелері, құрылыс саласының басы-қасында немесе мұнай өнеркәсібі маңайында жұмыс істейтін кәсіпкерлер жалпыға бірдей салық режиміне өтеді.

– Тыйым салынған 44 қызмет негізінен B2B секторына қатысты. Бұл қызметтерді орындайтын жеке кәсіпкерлер (ИП) ортақ салық режиміне өтуі тиіс, онда 10 пайыз салық қарастырылған. Ортақ режиммен жұмыс істемеген жағдайда ірі компаниялар олармен келісімшартқа отырмауы мүмкін, өйткені жеңілдетілген салық режимімен жұмыс істеген жеке кәсіпкерлердің келісімшарттары ірі компаниялардың салық шегеріміне жатпайды. Сондықтан компанияларға «жеңілдетілген» салық режиміндегі кәсіпкерлермен жұмыс істеу тиімсіз. Қазір нарықта осы қағида беки түсті, – дейді экономист.

Кәсіпкер Жанар Сүлейменова реформаның бизнеске үлкен пайдасы бар екенін атап өтті.

– Шағын және орта бизнес үшін үлкен жеңілдік жасалып отыр деп есептеймін. Әсіресе, бастауыш кәсіпкерлерге бизнесін дамытуға мүмкіндік беретін маңызды өзгерістер бар. Сондай-ақ, жиі жүргізілетін камералдық және жоспардан тыс тексерістерден босатылдық, – дейді кәсіпкер.

Сонымен қатар жаңа салық реформасына сәйкес өңірлерде өзгеріс бар. Енді жергілікті мәслихаттар жеңілдетілген салық режимі бойынша 2%-дан 6%-ға дейінгі мөлшерлемені өздері белгілей алады. Бұл кейбір аймақта кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасаса, басқа өңірде салық мөлшері артуы мүмкін. Экономист Айбар Олжаевтың пікірінше, ол жергілікті биліктің кәсіпкерлікті дамытуға деген ұстанымына байланысты.

– Қазір мемлекет бизнеске сенім артты. Соңғы 6-7 жылда шамамен бір миллион жаңа кәсіпкер пайда болды. Олар көлеңкеден шығып, мемлекетке салық төлеп, ашық жұмыс істеп жатыр. Бұл – үлкен сенімнің белгісі, – дейді Айбар Олжаев.

Салық кодексінде бюрократия азайған

Жаңа Салық кодексі бизнес пен мемлекет арасындағы қатынасты түбегейлі жаңғыртуға бағытталған. Бұрын салық жүйесі көбіне тексеру мен айыппұлға негізделсе, енді кәсіпкерлерге қолдау көрсету мен қызмет көрсету басымдыққа ие. Қазір компанияны тіркеуден бастап, оны жабуға дейінгі кезеңдерде кәсіпкерлерге жан-жақты көмек көрсетіледі.

Не өзгерді? Кодексте бюрократия азайып, есеп беру түрлерінің саны қысқарды, ал салықтар мен төлемдер 20%-ға азайды. Сонымен қатар жеңілдетілген салық режимі тек өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, декларация негізінде жұмыс істейтіндерге және ауыл шаруашылығына ғана қолданылады.

2024 жылмен салыстырғанда шағын және орта бизнес саласындағы кәсіпорындар саны 4,7%-ға, яғни 96 209-ға өсті. ШОБ-тың экономикадағы үлесі 38,6%-ға артқан, ал өнім шығару көлемі 18,7 триллион теңгеге дейін ұлғайып отыр.

Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаевтың сөзінше, кейінгі реформа – экономикалық өсімнің негізгі элементі. Әрі бұл реформалар бюджетті 4,5 триллион теңгеге дейін толықтыруға мүмкіндік береді деген болжам бар.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Республика күні

AQPARATPRINT